Шымкенттік төтеншеліктер жаңа техника мен тұрғын үйге қол жеткізді - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкенттік төтеншеліктер жаңа техника мен тұрғын үйге қол жеткізді

5

Шымкент қаласында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне заманауи өрт сөндіру техникалары, қызметтік киімдер мен жаңа пәтерлердің кілттерін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, сондай-ақ ТЖД басшылығы мен жеке құрамы қатысты.
Іс-шара аясында материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға бағытталған ведомстволық бағдарлама шеңберінде өңірге бұрын-соңды болмаған көлемде өрт сөндіру және құтқару техникалары жеткізілді. Бұл – еліміздің оңтүстік өңіріндегі азаматтық қорғау саласының техникалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков азаматтық қорғау жүйесін дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларының одан әрі жалғасатынын атап өтті:
– Бұл бастамалар Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылуда. Азаматтық қорғау жүйесін жаңғырту, оның тиімділігін арттыру, сондай-ақ қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсарту – басты мақсаттардың бірі. Соңғы жылдары материалдық-техникалық базамыз жаңартылып, жаңа өрт сөндіру деполары ашылды. Бүгін өз өмірін қауіп-қатерге тігіп, адал еңбек етіп жүрген азаматтарға пәтер кілттері мен нысанды киім-кешек табысталып отыр. Бұл – олардың еңбегінің лайықты бағалануы, – деді қала басшысы.
Өз сөзінде ҚР ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов жаңа техниканың халыққа қалтқысыз қызмет етуіне тілектестік білдірді.
Салтанатты рәсім барысында жергілікті атқарушы органдар тарапынан 38 бірлік өрт сөндіру техникасы және республикалық бюджет есебінен 5 арнайы автокөлік табысталды. Бұл техника апатты жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге және өрт сөндіру жұмыстарын тиімді жүргізуге септігін тигізеді.
Сонымен қатар, “Қамқор” бағдарламасы аясында ТЖД-нің өрт сөндіру қызметінің 25 қызметкеріне жаңа пәтер кілттері табысталды. Қазақстандық құтқарушылар қорының қолдауымен қызметкерлерге жаңа нысанды киім-кешектер берілді.Министрлік пен жергілікті әкімдік тарапынан көрсетіліп отырған әлеуметтік қолдау – азаматтық қорғау жүйесінің дамуына қосылған маңызды үлес.
Advertisements