Шымкентте “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында жаңа мектептер салынып жатыр
Президент бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғаны белгілі. Оқушының сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасайтын жоба аясында алдағы үш жылда 401 жаңа мектеп салынбақ. 2025 жылға дейін Шымкент қаласында “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы шеңберінде 28 000 орындық 18 жаңа мектеп ашу жоспарлануда.
Қазір елімізде 3,7 млн оқушы бар және мектептерінде 240 мың оқушы орны тапшы. Егер жаңа мектептер салынбаса, 2025 жылға қарай аталған тапшылық 1,2 млн орынға жетуі ықтимал. Сондықтан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына артылған жауапкершілік жүгі де салмақты. Білім ордалары негізінен қазіргі уақытта орын тапшылығы қатты сезіліп отырған аймақтарда салынады. Олар – Алматы (63 мектеп), Түркістан (63) және Маңғыстау (24) облыстары, сондай-ақ Шымкент (25), Астана (24) және Алматы (22) қалалары. Бұл ретте 218 мектеп – қалада, 183 мектеп ауылдық жерде бой көтереді. 2023-2024 жылдары – 226 мектеп, 2024-2025 жылдары 175 мектеп салынады деген жоспар бар. Жоспарға сәйкес, Шымкентте 2023 жылы 12 мектептің құрылысы басталып, қазіргі таңда құрылыс қарқынды түрде жалғасуда. Қазан айының соңында екі мектеп – Нұршуақ (Ынтымақ) және Оңтүстік-Шығыс аудандарында техникалық ашылуы өтіп, қазіргі уақытта бұл мектептерде оқушылар білім алып жатыр. Жобаны іске асыруға жауапты «Samruk-Kazyna Construction» АҚ және мердігер мекемелер пайдалануға беру жұмыстарын жүргізуде.
2023 жылдың желтоқсанында Жаңатұрлан, Ұлағат, Тұран (саябақ), Нұршуақ (Достық), Ақжар, 276 орам, Тұран (28 орам), Бозарық және Нұртас аудандарында 9 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, Таскен шағынауданындағы 1500 орындық мектептің ашылуы 2025 жылдың екінші тоқсанына белгіленген.
2024 жылы пайдалануға берілетін барлық мектептердің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарының 96%-ы аяқталған. Нұршуақ (Ынтымақ) және Оңтүстік-Шығыс мектептеріндегі инфрақұрылым жұмыстары толық аяқталып, қажетті инженерлік желілер тартылды. Оптикалық-талшықты байланыс желілерінің құрылысы 96%-ға орындалып, белгіленген мерзімге сай жұмыстар аяқталады деп күтілуде.
2024-2025 жылдары пайдалануға берілетін 6 мектептің инженерлік инфрақұрылымы бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Сонымен қатар, 12 мектептің кірме жолдары мен жарықтандыру жұмыстарын қамтитын инфрақұрылымның 92%-ы аяқталды, ал Нұршуақ (Ынтымақ және Достық), Оңтүстік-Шығыс және Ақжар мектептеріне кіреберіс жолдарға асфальт салу жұмыстары толығымен аяқталған.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру нәтижесінде, екі жылдан кейін елімізде 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылатынын да ұмытпайық.
Айтпақшы, ұлттық жобаның отандық экономикаға деген әсері де айтарлықтай жоғары болмақ. Өйткені мектепке қажетті жиһаздардың 95 пайызын отандық өндірушілер дайындайды. Құрал-жабдықтардың 60 пайызы өзіміздің ішкі нарықтан алынады. Сондай-ақ құрылыс материалдарының 65 пайызы отандық өнімнен тұрады. Демек елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында ұлттық жобаның алар орны айырықша болмақ.