Шымкентте үшінші рет жүрек трансплантациясы сәтті өтті - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкентте үшінші рет жүрек трансплантациясы сәтті өтті

7

Шымкент қаласында мәйіттік донордан алынған жүрек трансплантациясы үшінші рет сәтті жүзеге асырылды. Донорлық орган Тараз қаласынан медициналық талаптарға сәйкес, 1,5 сағаттан аспайтын уақыт ішінде жедел жеткізілді.

Реципиент — 41 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны, педагог мамандығы бойынша қызмет атқаратын азамат. Ол 2012 жылдан бері жүрек жеткіліксіздігінің ауыр түріне шалдыққан.
Донорлық жүректі алу, тасымалдау және трансплантациялау үдерістері барлық медициналық және этикалық талаптарға толық сәйкес орындалды. Күрделі ота Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының үйлестіруімен, жоғары санатты кардиохирург Дархан Сүйгенбаевтың жетекшілігімен, Тараз қаласының мамандары, UMC командасы және тартылған барлық қызметтердің кәсіби әрі үйлесімді жұмысының нәтижесінде сәтті аяқталды.
Аталған операция Қазақстандағы трансплантология саласының дамуындағы маңызды қадамдардың бірі болып саналады. Сондай-ақ бұл – өңірлер арасындағы тиімді әріптестік пен үйлесімді іс-қимылдың жарқын үлгісі.
Айта кету қажет, мәйіттік донордан алынған жүрек трансплантациясы Шымкентте үшінші рет орын алды. Бұған дейін Жүрек орталығының тәжірибелі мамандары екі рет жүрек алмастыру отасын сәтті жүзеге асырып, науқастарға жаңа өмір сыйлаған болатын.
Advertisements