Шымкент қаласының әкімі бірқатар нысандарды аралады
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы кезекті аралау барысында Асар шағынауданындағы жол құрылысымен танысты.
Бұл жолды пайдалануға беру Түркия және Алатау көшелерінің өткізу қабілетін арттырып, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, шаһар басшысы Бадам өзені арқылы өтетін жаңа аспалы көпірдің құрылыс жұмыстарын да тексерді. Игілік тұрғын алабының халқы көшпелі кездесу барысында жаяу жүргіншілер көпірін салу туралы өтініш білдірген болатын. Көпір бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынып жатыр. Нысанды жыл соңына дейін тапсыру жоспарлануда.
Айта кету керек, бүгінде Шымкентте жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту, жүргізушілерге жайлы жағдай жасау және кептелісті жою мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Қаланы аралау кезінде қала басшысы Абай ауданындағы “Самал” базарын жаңғырту жұмысын бақылады. Модернизация- ең алдымен кәсіпкерлер мен келушілерге санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Сондай-ақ, Тұран ауданында қала тұрғындарының тағы бір демалыс орнына айналатын – Рысқұлбеков көшесіндегі гүлзардың құрылысымен де танысты. Аудан әкімі мен қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысына нақты тапсырмалар жүктеп, қоғамдық кеңістік құру кезінде жергілікті тұрғындардың тілегін ескеру қажеттігін атап өтті.