Шымкент әкімі топ жарған спортшылармен кездесті
Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков республикалық «Қазақстан барысы» турнирінің күміс жүлдегері Ерсұлтан Мұзаппаровты және грек-рим күресі бойынша әлем және Азия чемпионы, Азия ойындарының қола жүлдегері, сондай-ақ көптеген отандық турнирлердің жеңімпазы Әлімхан Сыздықовты қабылдады.
Кездесу барысында қала әкімі спортшылардың жеңістерін тек Шымкент үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды жетістік деп атап өтіп, оларды және олардың жаттықтырушыларын шын жүректен құттықтады.
Әкім Ерсұлтан Мұзаппаров пен Әлімхан Сыздықовтың спорттағы жетістіктері тек олардың жеке еңбегі мен қайсарлығының ғана емес, жаттықтырушылардың кәсібилігі мен жүйелі жұмысының нәтижесі екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, спорттың жастар арасында танымалдылығын арттыруда және дені сау ұрпақ тәрбиелеуде мұндай жетістіктердің рөлі зор екенін айтты.
«Халықаралық турнирлердегі мұндай жеңістер жас спортшыларды жігерлендіріп, жоғары нәтижеге жетуге ынталандырады. Біз алдағы уақытта өз тарапымыздан спорт саласын дамытуға қажетті қолдау көрсетуді жалғастырамыз»-деді, қала басшысы.
Айта кету керек, қазақстандық балуандардың әлемдік аренадағы жетістігі үнемі спорт қауымдастығы мен жанкүйерлердің назарын аударып келеді. Олардың жеңісті өнер көрсетуі отандық спортшылардың жоғары деңгейдегі дайындығының айқын дәлелі.
Естеріңізге сала кетейік, қазан айының 26 күні Астанадағы “Барыс Арена” спорт кешенінде қазақ күресінен ХІІІ республикалық “Қазақстан барысы” турнирінің жартылай финалдық бәсекелері өткен болатын. Бұл турнирде облыстық жарыстардың қорытындысы бойынша іріктелген еліміздің ең мықты балуандары бақ сынады. Олар еліміздің 17 облысы мен Республикалық маңызы бар 3 қала Астана, Алматы және Шымкент қалаларының спортшылары. Дәстүрлі турнирде Шымкент қаласының балуаны Ерсұлтан Мұзаппаров екінші орын алды. Ол финалдық кездесуде Абай облысының балуаны Ерасыл Қажыбаевқа есе жіберді.
Айта кетейік, турнирдің жалпы жүлде қоры 27 100 000 теңгені құрайды, оның ішінде 3 720 000 теңге спортшылардың жаттықтырушыларына беріледі. Жүлделер келесідей бөлінеді: 1-орын үшін – 15 000 000 теңге, 2-орын үшін – 3 300 000 теңге, 3-орын үшін – 1 080 000 теңге. Әр жеңіске жеткен белдесуі үшін балуан 100 000 теңге алады.
Әлімхан Сыздықов болса қараша айында Ереванда өткен әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионатында грек-рим күресінде аса ауыр салмақта өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Ол 130 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында Иран өкілі Мехди Калантариді 5:1 есебімен сенімді түрде жеңді.