Шымкент: Көлік жүйесіндегі жаңашылдықтар

2024 жылы Шымкент қаласында қоғамдық көлік жүйесі мен жол инфрақұрылымын дамыту бойынша ауқымды өзгерістер жүзеге асырылды.
Бұл жаңалықтар қаланың көлік қозғалысын жеңілдетуге, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға және жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасымен 2024 жылдың 15 қазанынан бастап қоғамдық көліктерде қолма-қол төлем жүйесі жойылды. Жолаушылар тек электронды төлем әдістерін пайдалана алады. Оның ішінде көлік карталары, QR-код, банк карталары, сондай-ақ NFC, Apple Pay, Google Pay және Samsung Pay арқылы төлем жасау мүмкіндіктері қарастырылған. Талдау нәтижелері бойынша, жолаушылардың 97%-ы бұрыннан-ақ электронды төлем жүйесін қолданған, бұл шешімнің уақыт талабына сай екенін көрсетеді. Бұл жаңашылдық көлеңкелі ақша айналымын жоюға, автобустардың кестеден кешікпеуін қамтамасыз етуге және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда қалада 80 тұрақты маршрут бойынша 967 автобус қызмет көрсетеді. Жалпы саны 1120 автобустың 615-і экологиялық таза газбен, ал 505-і дизель отынымен жүреді. Барлық автобустар GPS трекерлермен жабдықталған. Қолданыстағы тариф – 70 теңге, бұл еліміздегі ең төменгі қоғамдық көлік бағасы болып табылады. Қала әкімдігінің қоғамдық көлікті жаңарту жұмыстары жалғасуда. 2024 жылы 21 жаңа автобус алынса, 2025 жылы 235 автобус сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда қалада 2 газ станциясы жұмыс істейді, ал 2025 жылы үшінші газ станциясы іске қосылмақ. 2024 жылдың 1 мамырынан бастап 14 санаттағы азаматтарға қоғамдық көлікте тегін жүру құқығы берілді. Бұл шешім бойынша 319 мың азамат жеңілдікпен қамтылды. Оларға жеңілдік карталары арнайы үш пунктте таратылуда.
Қоғамдық көлік жүйесін жақсарту мақсатында үш жаңа маршрут іске қосылды (№3, №4, №207), 33 маршруттың қозғалыс сызбасы өзгертілді. Жолаушылардың сұранысын ескере отырып, 20 бағыттағы автобустар саны көбейтілді, ал 9 маршруттың жұмысы 23:00-ге дейін ұзартылды.
Сонымен қатар, жол инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары қарқынды жүргізілді. Өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп – 6000 жаңа жол белгісі орнатылды. 46 жаңа бағдаршам іске қосылып, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру үшін үш белсенді өткел ұйымдастырылды. Қала көшелерінде 400 жаңа жол құдығы орнатылып, 1236 метр жасанды жол кедергілері қойылды.
Жол сапасын жақсарту шаралары аясында 100 шақырым аяқжол жөнделіп, жаңадан салынды. 1050 шақырым жол жолақтары жаңартылды, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен төрт есе артық. Сондай-ақ, 420 000 м² шұңқыр жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 103 көшеде ирригациялық жүйелер салынды.
Бұл өзгерістер жол-көлік оқиғаларын азайтуға және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласы халықаралық логистикалық орталыққа айналуы тиіс. Осы мақсатта жаңа халықаралық әуежай терминалы салынды. Жобаның жалпы құны – 24 млрд теңге. Жаңа терминалдың техникалық ашылуы өтті, қазіргі уақытта “SCAT” әуе компаниясының ішкі рейстері орындалуда. Әлемдік әуе компанияларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Жаңа терминал іске қосылғаннан кейін Шымкент 9 көрші мемлекетпен және 15 еуропалық және азиялық елдермен тікелей әуе байланысын кеңейтуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, әуежай инфрақұрылымын дамыту мақсатында ұшу-қону жолағын жаңарту, аэродромды қайта жабдықтау және рульдеу жолдарын салу жұмыстары жоспарланған.
Шымкент теміржол вокзалы 2020 жылы қала әкімдігінің теңгеріміне өтті. 2022 жылы “Vostok Trade Pro” ЖШС сенімгерлік басқаруына 10 жыл мерзімге берілді. 2023 жылдың маусымында басталған жаңғырту жұмыстары 2024 жылдың мамырында толық аяқталды. Инвестиция көлемі – 1,1 млрд теңге.
Жаңғырту нәтижесінде вокзал аумағы 1770,2 шаршы метрден 2249,33 шаршы метрге ұлғайды, жолаушылар өткізу қабілеті тәулігіне 2000-нан 6000 адамға дейін артты. Жолаушыларға арналған күту залы 898,3 шаршы метрден 1982,3 шаршы метрге дейін кеңейді. Қайта құрылымдау аясында жаңа күту залдары, фудкорт және заманауи кіреберістер салынды. Қазіргі уақытта вокзал тәулігіне 22 жұп пойызға қызмет көрсетеді.
2024 жылы Шымкент қаласында көлік және инфрақұрылым саласында ауқымды өзгерістер орын алды. Қоғамдық көлік қызметін жақсарту, жаңа жолдар салу және теміржол-әуежай инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобалар тұрғындарға қолайлы жағдай жасауды көздейді. Бұл өзгерістер қаланың көлік қозғалысын жеңілдетіп, қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етеді. 2025 жылы бұл бастамалар одан әрі жалғасып, Шымкенттің көлік инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтерілмек.