Шымкент әкімінің орынбасарына оқ атылды

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке операция жасалды, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, деп хабарлады қалалық денсаулық сақтау басқармасы.
Бір күн бұрын ол қалалық ауруханаға оқ жарақатымен түсті. Оған шұғыл операция жасалды.
“Операция барысында қан жоғалту тоқтатылды, жарақаттанудан болған зақым қалпына келтірілді. Өмірге қауіп жоқ. Науқастың жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланады. Ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында және барлық қажетті медициналық көмекті алуда“, — делінген хабарламада.
Бір күн бұрын БАҚ–та Руслан Берденовке оқ атылғаны туралы ақпарат тарады. Кейінірек полиция күдіктінің ұсталғанын және уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Қылмыстық іс қозғалды, деді полициядағылар.
Руслан Берденов 40 жаста. 2023 жылдың наурызынан 2025 жылдың ақпанына дейін ол Мәжіліс депутаты болды.
2025 жылдың ақпан айының соңында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалған.