Шымкентте жаңа музыкалық субұрқақ іске қосылды - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкентте жаңа музыкалық субұрқақ іске қосылды

4

Шымкент қаласындағы «Shymkent City» саябағында заманауи музыкалық субұрқақ іске қосылды. Бұл нысан қаланың сәулеттік келбетін айшықтап, тұрғындар мен қонақтар үшін жаңа демалыс орнына айналады.

Субұрқақ жоғары технологиялы мультимедиалық кешен ретінде салынған. Ол лазерлік жарықпен және бейнепроекциямен жабдықталған. Су көріністері түрлі музыкалық сүйемелдеумен үндесіп, арнайы жарықдиодты жүйемен үйлесім табады.
Субұрқақтың техникалық сипаттамасы:
– Жалпы өлшемі – 64 х 22 метр;
– Су айдынының ауданы – 6 400 шаршы метр;
– Су шапшытқыштар саны – 234 дана;
– Су ағынының биіктігі – 3 метрден 25 метрге дейін;
– Басқару арналары – 180;
– Құрылғы 7 түрлі контурдан тұрады, әрқайсысы жеке жарықтандыру және су көріністеріне ие;
– Электрмен қамтылу кернеуі – 380 Вольт;
– Жалпы қуаттылығы – 745 киловатт.
Субұрқақ бес түрлі жұмыс режимімен жабдықталған. Олар музыкалық және үш түрлі динамикалық (жылдам, орташа, баяу), сондай-ақ статикалық режимдерден тұрады.
Қазіргі таңда субұрқақ кешкі сағат 20:00-ден 23:00-ге дейін тестілеу режимінде жұмыс істеуде. Тексеру жұмыстары толық аяқталғаннан кейін ол тұрақты түрде іске қосылады.
Бұл сәулеттік туынды қаланың жаңа көрікті орнына айналып, тұрғындардың серуендеуі мен отбасылық демалысы үшін қолайлы жағдай жасайды.
Сонымен қатар, Шымкент қаласында Жайлаукөл саябағында, Тұлпар көлі маңында орналасқан биіктігі 80 метрлік жаңа субұрқақ іске қосылды. Бұл нысан қаланың табиғи ландшафтына үйлесімді етіп жобаланған және ерекше сәулеттік шешімімен көз тартады.
Субұрқақтың техникалық сипаттамасы:
– Су бағанының биіктігі – 80 метр;
– Көлдің жалпы ауданы – 73 300 шаршы метр;
– Жұмыс істеу уақыты – сағат 09:00-ден 24:00-ге дейін;
– Субұрқақ әр 30 минут сайын автоматты түрде қосылып, кейін 30 минут тоқтайды;
– Су ағыны тек жоғары бағытта жұмыс істейді.
Қазіргі таңда көлдегі су деңгейінің төмендеуіне байланысты субұрқақ уақытша тоқтатылған. Жайлаукөл саябағы әкімшілігі тарапынан су арнасын бұру туралы тиісті өтініш жолданып, қалалық қызметтермен келісу жұмыстары жүргізілуде.
Аталған су бұрқақ табиғи ортамен үйлесімділігімен және көркем келбетімен Шымкент қаласының ерекше символдарының біріне айналады деп күтілуде.
Advertisements