Шымкенттік волейболшылар – жарап тұр!

Елімізде төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын ірі спорттық бәсеке – Қазақстан Республикасының VI Жастар ойындарында Шымкент қаласының волейболшылары сәтті өнер көрсетіп, жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды.
Бұл байрақты додада еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік жас спортшылар бақ сынады. Волейбол сынды серпінді де тартысты спорт түрінен Шымкент қаласының намысын қорғаған жасөспірімдер жоғары дайындық пен бірлік танытып, шебер ойын өрнегін көрсетті.
Қалалық құраманың сапында №12 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің дарынды волейболшылары — Шаалимов Шахжахон, Иристаев Шосаид, Алиханов Нодирхон және Исраилов Шахриер өнер көрсетті. Жас спортшылардың бұл жетістігі – олардың тынымсыз еңбегінің және білікті бапкерлері Ш.Султаналиев пен М.Камилваевтың жүйелі жаттықтыруының нәтижесі.
Шымкент қаласының волейбол құрамасының бұл жеңісі – өңірдегі жастар спортын дамыту жолындағы үлкен жетістік болып саналады. Алдағы уақытта да шымкенттік спортшыларды биік белестерден көретініне сенім мол!