Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының VІ сессиясы өтті

Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының “Бірлік пен даму жолындағы 30 жыл” тақырыбындағы VI сессиясы өтті.
Маңызды жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту жолындағы жұмыстың маңыздылығына тоқталды.
Сессияға қалалық мәслихаттың төрағасы мен депутаттары, аудан әкімдері, мемлекеттік органдардың басшылары, құқық қорғау саласының өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, қоғамдық кеңес мүшелері, діни конфессия жетекшілері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиын барысында сөз алған ҚХА мүшесі Досыбай Шерімқұлов “Халықты бір арнаға ұйыстыру – ортақ міндет” тақырыбында ой қозғап, ұлттық бірлік пен татулықтың маңызын атап өтті. Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің директоры Гүлмира Тағаева “Жұмысшы мамандығы – қоғамның негізгі тірегі” атты баяндамасында еңбек адамына деген құрмет пен кәсіби білімнің рөліне ерекше назар аударды.
Сондай-ақ, Ассамблея жанындағы Этномедиация кеңесінің мүшесі, судья Еркен Отарбаев этносаралық қатынастардағы құқықтық мәдениеттің рөлін “Этномедиацияны дамыту – құқықтық мәдениеттің даму көрсеткіші” тақырыбында тарқатты. Корей этномәдени бірлестігінің белсендісі, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Елена Ли “Мемлекеттік тіл – менің тілім” атты сөзінде тіл – біріктіруші күш екенін жүрекпен жеткізсе, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенті, “Бірлік” жастар ұйымының төрайымы Нурхаят Байрамова “Бірлігіміз – әралуандылықта” атты баяндамасында жастардың қоғамдық келісім мен бірлікке қосып жатқан үлесін атап өтті.
Сессия соңында қала әкімінің орынбасары, ҚХА төрағасының орынбасары Сәрсен Құранбек қорытынды сөз сөйлеп, қоғамдық келісімді сақтауда әрбір азаматтың рөлі маңызды екенін атап өтті.
Айта кету керек, бүгінде Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында 16 этномәдени бірлестік пен 7 қоғамдық құрылым қоғамдық негізде жұмыс істейді. Олар ел ішіндегі ынтымақ пен татулықты сақтауға, ұлттық бірлік пен патриотизмді нығайтуға бағытталған жобаларға белсенді түрде үлес қосып келеді.