Шымкент әкімі Тұран ауданы тұрғындарымен ашық диалог орнатты - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкент әкімі Тұран ауданы тұрғындарымен ашық диалог орнатты

12

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланың Тұран ауданында көшпелі кездесу өткізіп, жергілікті тұрғындармен ашық форматта диалог орнатты.

Кездесу барысында Сүлейменов, Байтұрсынов, Ақжиек, Ломоносов көшелерінің тұрғындары, сондай-ақ «Қазығұрт» және «Карл Маркс» шағынаудандарының өкілдері өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, көлік қозғалысы қарқынды учаскелерге балама жолдар салу, жол-көлік жүктемесін азайту мақсатында екінші деңгейлі көшелерді кеңейту және асфальт жабындысын жаңарту қажеттігі сөз болды.
Сонымен қатар, тұрғындар жер телімдерін заңдастыру, қоқыс шығару қызметінің жүйелілігі, заңсыз салынған құрылыстарды бұзу, шағын кәсіпкерлік нысандарының жұмысы және учаскелік полиция пункттерінің қызметі жөнінде сауалдар қойды.
Әлеуметтік сала да назардан тыс қалмады. Кездесу барысында әлеуметтік қолдау көрсету, медициналық қызмет сапасын арттыру, саябақтар мен скверлерді күтіп ұстау, аллея мен мини-футбол алаңшаларын салу, сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлерді жаңғырту мәселелері талқыланды. Кейбір мәселелерге жедел шешім қабылданды.
Қала әкімі аудан басшысы мен тиісті басқарма басшыларына тұрғындардан түскен ұсыныс-тілектерді жүйелеп, оларды алдағы жұмыс жоспарына енгізуді тапсырды. Ғабит Әбдімәжитұлы көтерілген мәселелердің кезең-кезеңімен және қолданыстағы заңнама аясында шешілетінін атап өтті. Сонымен қатар, қала тұрғындарын тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырды.
Көшпелі кездесу қорытындысы бойынша тұрғындардың өтініштеріне жан-жақты талдау жасалып, нақты іс-шаралар жоспары әзірленетін болады.
Advertisements