Шымкентте кәсіп бастауға кедергі жоқ! - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкентте кәсіп бастауға кедергі жоқ!

4

Өз кәсібіңізді бастағыңыз келеді ме? Идея бар, бірақ қаражат жоқ па? Ендеше, жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттарды алуға өтінім беріп көріңіз.

Әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету мақсатында, 2019 жылдан бері бизнес бастауға 400 АЕК-ке дейінгі қайтарымсыз грант беріліп келеді.
Шымкент қаласында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 2023 жылы 452 грант (1 380 000 теңге) берілсе, 2024 жылы 428 азаматтың бизнес-жобасы комиссия шешімімен мақұлданып, әр азамат 1 476 800 теңге көлемінде қаржы берілген еді. 2025 жылға арналған жоспарға сәйкес, тағы 260 азаматқа қайтарымсыз грант беру көзделуде (1 572 800 теңге).
Мемлекеттік қолдаудың көмегімен бизнес-идеяларды сәтті іске асырудың мысалдарының бірі ретінде Шымкент қаласының тұрғыны Жадыра Қайболдиеваның жобасын атауға болады. 2019 жылы ол «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқудан өтті, ал 2020 жылы – 555 600 теңге сомасында грант алды.
«Бөлінген ақшаға киім тігетін және аксессуарлар шығаратын шағын цех аштым. Сондай-ақ, биыл мен өз ісімді одан әрі кеңейтуге 5 млн теңге сомасында 2,5%-дық микрокредит алдым», – деп бөлісті кәсіпкер.

Жадыра Қайболдиеваның айтуынша, несие қаражатына ол кесте тігу машинасын, өнеркәсіптік автоматты тігін машинасын, мата торлауға арналған машинаcын, бу генераторы бар үтіктеу тақтасын, бұрау машинасын, кескіш пышақты және т.б. сатып алған.
Сондай-ақ, кәсіпкер несиені 12 айға өтеу кезінде жеңілдік кезеңін рәсімдеу құқығын пайдаланды. Бүгінгі таңда 2 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Бұл бір ғана мысал. Бәлкім сізде Жадыра секілді идеяңызды жүзеге асырарсыз.

Ескеретіні, бұл грант қайтарымсыз болса да, оның да сұрауы бар. Мәселен, бұл бағыттағы мониторинг нәтижелері бірқатар олқылықтарды да көрсетті. Атап айтқанда, 2024 жылы 36 азамат грантты мақсатсыз пайдаланғаны анықталып, олардың 10-ның ісі сотқа жолданған. Қалған 26 азаматпен бюджетке қаржы қайтару жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, осы жылдың басынан бастап жастарға жылдық мөлшерлемесі 2,5%-дық микрокредит беру құралы іске қосылды. Республика бойынша 5,8 мың микрокредит беру көзделген, осы мақсаттарға 28,9 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді.

Шымкент қаласында жас кәсіпкерлерге 261 микрокредит беру жоспарланған, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлінді.

 

Advertisements