Шымкент: Жылыту маусымы кезіндегі қауіпсіздік пысықталды - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкент: Жылыту маусымы кезіндегі қауіпсіздік пысықталды

1

Шымкент қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Еркін Отарғалымұлы «Жылыту маусымы кезіндегі қауіпсіздік шаралары» тақырыбында баспасөз брифингі өтті.
2024-2025 жылдарға арналған жылыту маусымы кезіндегі өрт профилактикалық жұмысының жоспары тамыз айында бекітілген көрінеді. Жоспарға сәйкес жылыту маусымы кезіндегі төтенше жағдайлардың алдын-алу мақсатында «Тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі», «Жылыту пештерінің қысқы кезеңге дайындығын қадағалау» және «Адамдардың улы газдан уланудың алдын алу» тақырыптарында күнделікті үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Жылыту маусымының басынан бастап, Департаментпен әлеуметтік желілерде 200 ге жуық, БАҚ-да 123 шығарылым жарияланды және қала аумағындағы шағын аудандар арасында 185 рет дауыс зорайтқыштар арқылы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күнге дейін 54 мыңнан астам адамды қамтитын 25848 қатты отынмен жылытылатын тұрғын үйлер араланып, білім беру мекемелерінде 2086 оқушыны қамтитын 68 интерактивті сабақ өтті,-дейді Еркін Отарғалымұлы.
Қала аумағында есепке алынған 2222 әлеуметтік жағдайы төмен отбасының барлығына осы жылдың 15 қыркүйегіне дейін үгіт насихат жұмыстары жүргізіліп, жадынама парақшалары таратылған. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды қайта аралау жұмыстары да толығымен аяқталып, әлеуметтік осал топтағы отбасылардың ішінен 136 үйге газанықтағыш құрылғылары қойылған. 193 үйдің түтін мұржаларын тазарту жұмыстар жүргізілген.
Департаменттің ведомствалық есебіне сәйкес, қала аумағында табиғи газға қосылмаған, пропан газбаллондарды қолданып жүрген 22 жатақханаға толығымен ескерту айтылған.
Баспасөз брифингінде Еркін Отарғалымұлы жылыту кезеңін қауіпсіз өткізуге мүмкіндік беретін бірқатар ұсыныстарды айтты.

Advertisements