Қазақстандағы зейнетақының орташа мөлшері белгілі болды
Жыл басынан бастап Республикалық бюджеттен 1 трлн 44,3 млрд теңге сомасында зейнетақы төленді. Оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге 337,6 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге 706,7 млрд теңге бағытталған.
2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша еліміздегі зейнеткерлер саны 2 млн 465 мың адамды құрайды. Ал жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 143 622 теңгені құраса, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері — 95 963 теңге, базалық зейнетақы — 47 659 теңгеге тең.
Бұған дейін Еңбек министрлігі ағымдағы жылдың 1 қаңтарында базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5% — ға, ынтымақты зейнетақы 8,5% – ға, яғни инфляция деңгейінен 2% – ға өскенін хабарлаған болатын.
Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төменгі базалық зейнетақыны ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% — на дейін, ең жоғары–120% – ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылуда. Мәселен, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен 65 — тен 70% – ға дейін ұлғайтылды, бұл 32 360 теңгені құрайды, ең жоғары мөлшері – ең төменгі күнкөріс деңгейінен 105–тен 110% – ға дейін, бұл 50 851 теңгені құрайды.
Ведомство 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі оның зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ескере отырып, әрбір алушыға жеке тағайындалатынын еске салды. Бұл ретте зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтарға арналған ынтымақты жүйеде әзірленген еңбек өтілі, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) төленген кезеңдер енгізіледі. Мәселен, егер зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ ол болмаған кезде базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% – на тең болса, бұдан әрі әрбір жыл үшін 10 жылдан астам оның мөлшері 2% – ға ұлғаяды. Мысалы, қатысу өтілі 20 жыл болғанда базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 90% құрайды. 30 және одан да көп жыл өтілі кезінде ол ең жоғары мөлшерде — ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110% белгіленеді.
Еңбек министрлігінде түсіндірілгендей, егер бір айда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аудару жүзеге асырылса, жинақтаушы жүйеге қатысу кезеңі бір айды құрайды. Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық төленсе, зейнеткерлік жасқа жеткенде базалық зейнетақы төлемінің мөлшері соғұрлым көп болады.
Өз кезегінде, ведомствода айтылғандай, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбек өтіліне (кемінде 6 ай қажет) және зейнетақы алдындағы кезеңде алынған орташа айлық табысқа байланысты болады. 2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 455 мың адамды құрады, ал жиынтық зейнетақының орташа мөлшері — 143 800 теңге (ынтымақты зейнетақы — 96 117 теңге, базалық зейнетақы — 47 683 теңге).