Шымкент әкімі бірқатар нысандарды аралады
Шымкент қаласының әкімі кезекті рет қаланы аралап, біраз нысандарда болды.
Ол алдымен №60 «Тараз» балабақшасына барды. 370 орынға арналған мектепке дейінгі мекеменің қазіргі жағдайымен және балаларға жасалған мүмкіндіктермен танысты. Тәрбиеленушілердің жас ерекшеліктерін ескере отырып, ойын алаңдарын тиімді ұйымдастыру қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар қауіпсіздік шаралары мен балалардың жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыру мәселесіне баса назар аудару қажеттігі айтылды.
Одан әрі «Мәртөбе» тұрғын алабында электромонтаж құрылғыларын шығаратын «Renaissance SHIK» ЖШС-нің цехтарын аралап көрді. Бұл цехтар электрохимиялық қорғаныс саласына бағытталған. Онда 85-тен астам адамды жұмыспен қамтылған. Қала әкімі кәсіпорын басшылығымен өндірісті кеңейту мәселелерін талқылау барысында техникалық бағыттағы колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері үшін өндірістік тәжірибе алуға жағдай жасаудың маңызын атап өтті.
Қаратау ауданы, «Бозарық-3» тұрғын алабындағы тарату бекеті іске қосылды. Әкім бекеттің іске қосылуы – бұл тек аудан үшін ғана емес, көптен бері жарыққа қосылуды күткен жүздеген отбасы үшін маңызды оқиға екендігін айтты. Енді жаңа нысанның арқасында 468 абонент сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтылады. Алдағы уақытта да жаңа тұрғын алаптар мен шағынаудандардың толыққанды инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса беретін болады.
Тұран ауданында Қазиев көшесінің орташа жөндеу жұмыстарының барысымен танысқан қала әкімі жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жол белгілері мен сызықтарын сызу жөнінде нақты тапсырма берді. Бүгінде жол бөлігін кеңейту мен жаяу жүргінші жолдарын абаттандыру секілді негізгі жұмыстар 95 пайызға орындалған. Көлік қозғалысы ашық.
«Қаламыз күн сайын өсіп, өркендеп, жаңарып келеді. Жаңа елдімекендер салынып, мектептер мен жолдар бой көтеріп жатыр. Осы қарқынмен бірге инженерлік инфрақұрылым да дамуы тиіс. Себебі инфрақұрылым – жайлы өмір сүрудің негізгі алғышарты»-деді, Ғабит Сыздықбеков аралау барысында.
Сондай-ақ, шаһар басшысы тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы аясында Айналма жолда орналасқан көппәтерлі тұрғын үйді сүру жұмыстарының барысын да бақылады. Жұмыс барысында жауапты тұлғалармен бірге көпқабатты тұрғын үйлер салу және аумақты абаттандыру жоспарын талқыланды. Одан әрі Еңбекші ауданында, «Тұрдыабад» тұрғын алабында Жартөбе көшесіндегі орташа жөндеу жұмыстарының және «Айқап» шағынауданындағы кәріз жүйесін жүргізу барысымен де танысты. Аралау қорытындысы бойынша бірқатар кемшіліктерге назар аударып, оларды жою жөнінде мердігер мекемеге және энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасына нақты тапсырмалар жүктеді.