Шымкентте тазалық жұмыстары жалғасуда
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Шымкент қаласының барлық аудандарында санитарлық тазалық іс-шаралары қарқынды түрде жүргізілуде. Атап айтсақ, Абай ауданының Ынтымақ-2 шағынауданында, Әл-Фараби ауданындағы Сәуле шағынауданында, басқа да аудандардың аумағында кең көлемде сенбілік өтті.
Барлық ауданның коммуналдық мекемелердің қызметкерлері мен белсенді тұрғындар бірігіп, көшелер бойын, аяқ жолдарды тазалау жұмыстарын атқарды.
Абай ауданы әкімдігінің бас маманы Серікболсын Раматтың айтуынша, тазалық шарасына коммуналдық мекеменің 60-қа жуық жұмысшысы, 4 техника жұмылдырылған. Іс-шараға жергілікті тұрғындар, ардагерлер кеңесінің өкілдері және қоғам белсенділері атсалысты. Ауданның қоғам белсендісі Орынша Тәжібаева тұрғындардың тазалыққа деген белсенділіктері, ынтасы мен жауапкершіліктері артып келе жатқанын айтты.
Әль-Фараби ауданында Сәуле шағынауданында арық жүйелері тазаланып, қоқыс жиналды. Бұл жұмыстарға шамамен 200-ге жуық еріктілер, аудандық коммуналдық мекемелердің қызметкерлері және 10 техника жұмылдырылды. Тазалық шаралары барысында аудан тұрғындары да белсенділік танытты.
Шымкент қаласының бес ауданында мұндай экологиялық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп, табиғатты қорғауға және қала экологиясын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасын табады. Жауапты мамандар алдағы уақытта да осындай шаралардың жиі ұйымдастырылатынын айтады.
Бұл шаралар қаланы таза әрі көрікті етуге, тұрғындардың экологиялық санасын дамытуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.