Шымкентте «SAMGAU» республикалық қысқаметражды фильмдер фестивалі өтеді

22-23 маусым күндері кино саласының жас мамандарының шығармашылығына жағдай жасау, қаламыздағы кино және анимация саласы бойынша жаңа бағыттар мен тенденцияларды қалыптастыру, Шымкент қаласының рухани өміріне серпіліс беру мақсатында тұңғыш рет «SAMGAU» республикалық қысқаметражды фильмдер фестивалін өткізу жоспарлануда.
Фестиваль барысында Қазақстанның барлық өңірлерінен 18-35 жас аралығындағы кәсіби және әуесқой киногерлер мен аниматорлар «Шымкент – сүйікті қалам!», «Мен және Әлем», «Ұлттық құндылық – тәрбие негізі», «Жұмысшы мамандықтардың рөлі», «Экология», «Тіліміздің тағдыры – біздің қолымызда» тақырыптарында түсірілген фильмдермен қатыса алады.
Фестиваль Жастар ресурстық орталығында ашылып, «Hyper house» сауда орталығындағы кинотеатрда жүлделерді ресми табыстаумен жабылатын болады.