Шымкент пен Түркия арасында сауда және инвестициялық ынтымақтастық нығаюда - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкент пен Түркия арасында сауда және инвестициялық ынтымақтастық нығаюда

3

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджумен кездесті.

Келелі кездесуде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Түркия – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Шымкент пен Түркия арасындағы тауар айналымы 217 млн АҚШ долларына жетті. Қазіргі таңда Шымкент түркиялық Балыкесир, Измир, Эскишехир және Адана қалаларымен бауырластық байланыс орнатып, экономикалық және мәдени серіктестікті арттыруда.
Кездесуде түрік инвесторларының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан стратегиялық жобалар қарастырылды. Қазіргі уақытта Шымкентте жалпы құны 713 млн АҚШ долларын құрайтын үш ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында:
Coca-Cola Kazakhstan – алкогольсіз сусындар өндірісі;
Altay Food – кондитерлік өнімдер өндірісі;
Alsera KZ – жылыжай кешенін салу жобалары бар.
Шымкентте екі елдің бизнес өкілдерінің қатысуымен инвестициялық форум өткізу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, туризм және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты арттыру мақсатында бірлескен Жол картасын әзірлеу туралы ұсыныс жасалды.
Кездесу соңында тараптар әріптестікті одан әрі дамытуға ниетті екенін білдіріп, жаңа инвестициялық жобаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.
Advertisements