Мұғалім кісі өлтіруге оқталды деген күдікпен ұсталды

Қызылорда облысында әйелге қатыгез шабуыл жасау оқиғасы тергелуде. Күдікті биология пәнінің мұғалімі болып шықты.
Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде таралды. Болжам бойынша, ер адам жұбайына балта алып жүгірген. Оқиға Қызылорда облысы Шиелі ауданына қарасты ауылдардың бірінде болған.
Аудандық білім бөліміндегілер күдіктінің аудан ауылдарының біріндегі мектепте биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтінін растады. Оның педагогикалық өтілі 21 жыл.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі кісі өлтіруге оқталу фактісі бойынша күдіктінің ұсталғанын және уақытша ұстау изоляторына орналастырылғанын хабарлады.
Шиелі аудандық ауруханасындағылар 42 жастағы жәбірленушінің 19 сәуірде ауыр жағдайда түскенін және қазір реанимацияда екенін хабарлады.