Тоқаев: «Міндетті талаптар тізімі бизнесті шектен тыс тексерістерден қорғайтын маңызды құралдың бірі болуға тиіс» - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Тоқаев: «Міндетті талаптар тізімі бизнесті шектен тыс тексерістерден қорғайтын маңызды құралдың бірі болуға тиіс»

30

«Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға, ал жұмыспен қамту ісіндегі үлесі 50 пайызға жуықтады. Бұл – жаман көрсеткіш емес. Бірақ осы саланы жүйелі түрде жетілдіре түспесе, экономиканы дамыту және тұрмыс сапасын жақсартуға тың серпін бере алмаймыз» – деді Мемлекет басшысы.

Іскер азаматтардың әлеуетін толық ашу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан тиісті құқықтық базаны жаңғырту керек. Қазір елімізде 21 кодекс, 300-ден астам заң бар. Оларға тым көп түзету енгізілген. Кейбір нормалар бір-біріне қайшы келіп жатады. Түптеп келгенде, осының бәрі бизнестің дамуына кедергі келтіріп отыр. Заңнаманы түгел тексеріп, зерделеп шыққан жөн. Жасанды интеллект технологиясы мұны жылдам әрі тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жанынан Интеллект арқылы реттеу орталығы құрылады. Бұл орталық заңнаманы ретке келтірумен, түсінікті әрі тиімді ұсыныстар әзірлеумен айналысады.

Заңды күрделендіре бермеу керек. Қайта оны кәсіпкерлердің қажетіне қарай бейімдеп, министрлер мен әкімдердің нақты нәтиже үшін жеке жауапкершілігін күшейткен жөн. Мемлекеттік органдар бизнес өкілдеріне ескерту жасаудың орнына әлі күнге дейін тым қатаң әкімшілік шешімдер қабылдайды деген мәлімет маған да жетіп жатады. Мұндай келеңсіздікке жол беруге болмайды.

Міндетті талаптар тізімі бизнесті шектен тыс тексерістерден қорғайтын маңызды құралдың бірі болуға тиіс. Қолданыстағы нормалардың Кәсіпкерлік кодекске сәйкестігін қосымша тексеріп, тізімді тезірек қолданысқа енгізу қажет» – деді.
Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын және орта бизнестің маңыздылығы туралы алғаш рет айтып отырғаны емес. Ол бұған дейін де бірнеше рет кәсіпкерлікті экономиканың тірегі ретінде атап, мемлекеттің басты міндеті – бизнеске кедергі келтірмей, керісінше, оның өркендеуіне жол ашу екенін баса айтқан болатын. Мұндай бағыттағы жұмыстардың нақты нәтижесі ретінде Шымкент қаласындағы шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы серпінді өсімді айтуға болады.
2025 жылдың қаңтар–сәуір айларындағы ШЫМКЕНТ қаласының шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы негізгі көрсеткіштері:
• Жұмыспен қамтылғандар саны – 244,8 мың адам, бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,3%-ға артты;
• Өндірілген өнім көлемі – 865,5 млрд теңге, өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 23,9%-ға өскен;
• Жалпы өңірлік өнімдегі үлесі – 57,5%-ға жетті.

Advertisements