Astana Hub пен «Бәйтерек» холдингі стратегиялық серіктестік құруда

Шымкентте өтіп жатқан Digital Qazaqstan 2026 халықаралық цифрлық форумы аясында Astana Hub инновациялық кластері мен «Бәйтерек» Ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ жаңа ынтымақтастық орнатты.
Құжатқа Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиев және «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин қол қойды.
Жаңа серіктестік IT-компанияларды қаржылық қолдау құралдарымен қамтамасыз етуге және технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Бұл Astana Hub қатысушылары мен «Бәйтерек» холдингінің құрылымдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейтіп, стартаптарды іске қосу кезеңінен бастап халықаралық нарықтарға шығуына дейін кешенді қолдау көрсетеді.
Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиевтің айтуынша, қазіргі кезде стартаптарға қаржыландыру мен өтімділікке қол жеткізу шектеулі, ал жаңа бірлескен механизм бұл кедергілерді жеңуге мүмкіндік береді. Оған стартаптарға жеңілдетілген несие беру және компания үлесін материалдық кепілсіз қамтамасыз ету тетіктері кіреді.
Ынтымақтастық бағыттары қатарында бірлескен қолдау бағдарламаларын іске қосу, мемлекеттік кепілдік механизмдерін пайдалана отырып банктік қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту, акселерациялық және инвестициялық бағдарламаларды дамыту бар. Сонымен қатар, экспорттық әлеуеті бар жобаларға ерекше көңіл бөлінеді. Тараптар қазақстандық IT-шешімдерді Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне, сондай-ақ басқа әлеуеті жоғары нарықтарға шығару, технологиялық компанияларды халықаралық жеткізу тізбектеріне интеграциялау бойынша бірлескен іс-қимыл жүргізуді жоспарлап отыр.












