Шымкентте эпидемиологиялық жағдай тұрақты

Бұл туралы Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары – Ахметов Алдарқұл Райымқұлұлы мәлімдеді.
Бүгінгі таңда Шымкент қаласында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау тұрақты жүргізіліп, қоғамдық денсаулық қатаң қадағаланып отыр. Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекс және Кәсіпкерлік кодексі талаптарына сәйкес, өткен жылы 1474 нысанға бармай профилактикалық бақылау жүргізілді. Нәтижесінде 54 нысанға қатысты ден қою шаралары қабылданды. Бұл тәсіл тексеру жүргізбей-ақ заңбұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Жүргізілген санитариялық-ағарту жұмыстарының арқасында «ботулизм» деректері тіркелмеген. Сонымен қатар, тағамнан улану жағдайлары азайып, өткен жылы небәрі 4 жағдай анықталған. Барлық деректер бойынша жедел тексеру жүргізіліп, 5 нысанның қызметі сотқа жолданды. Тағы 15 нысанның жұмысы уақытша тоқтатылып, талапқа сай келмейтін бір азық-түлік өнімі сатылымнан алынды. Медициналық тексеруден өтпеген 14 қызметкер уақытша жұмыстан шеттетілді.
Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг аясында қала аумағынан атмосфералық ауаның 22 955 сынамасы алынып, оның 48-інде шекті рұқсат етілген концентрациядан асу фактілері анықталған. Аталған деректер бойынша тиісті органдарға ақпарат жолданып, экология саласы тарапынан әкімшілік шаралар қолданылған.
Ауаның сапасын бақылауды күшейту мақсатында 2023–2025 жылдарға арналған арнайы жоспар бекітіліп, жауапты мамандар кезекшілік тәртібімен жұмыс істеуде. Тұрғындардан жағымсыз иіс туралы шағым түскен жағдайда жедел мониторинг жүргізіледі.
Топырақ сапасын тексеру барысында 1275 санитариялық-химиялық сынама алынып, талапқа сай келмейтін көрсеткіштер анықталмаған. Пестицидтер бойынша алынған 853 сынамада бұзушылықтар тіркелмеген.
Шаруашылық-ауыз су сапасы да тұрақты бақылауда. Жалпы 1000-нан астам су сынамасы зерттеліп, микробиологиялық талаптарға сәйкес келмейтін жағдайлар анықталмаған.












