ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 10 МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМ АККРЕДИТТЕУДЕН ӨТТІ
![](https://17news.kz/wp-content/uploads/2023/07/358539213_3413769908935951_8253368216945283842_n-905x613.jpg)
Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде 5 айда атқарған жұмыстарды қорытындылады. Басқарма басшысы жаңа медициналық ұйымдар, мамандардың біліктілігін арттыру, жоғары сапалы медициналық қызмет көрсету және тағы басқа бағыттардағы жұмыс барысынан хабардар етті.
2023 жылдың 5 ай қорытындысы бойынша Шымкент қаласында нәресте өлімі 20,6%-ға төмендесе, жыл басынан бері қалада ана өлімі тіркелмеген. Туберкулезден болатын өлім-жітім 66 %-ға, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 6,5%-ға төмендеген.
-– Халыққа сапалы, уақтылы медициналық қызмет көрсету мақсатында 10 медициналық ұйым аккредиттеуден өтіп, 2023 жылы жалпы 17 медициналық ұйымды аккредиттеу жоспарлануда. 2023 жылдың 6 айында жоғары технологиялық 186 медициналық қызмет көрсетілді. Өткен жылы қалалық №1 емхананың балалар бөлімшесі, №2 оңалту орталығына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ал 2023 жылы қалалық №5 емхана мен қалалық №1 клиникалық аурухана ғимараттарына 1, 193 млрд теңге бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Балалар ауруханаларын көбейту басты назарда тұр, – деді басқарма басшысы.
Қазіргі таңда Шымкенттегі емханаларға үздік тәжірибелер орталығының жобасы енгізілуде. 2023 жылы үздік практика орталығы жобасын шаһардағы №6, №7, №3, №1 қалалық емханаларда енгізу жұмыстары басталды. Сондай-ақ, материалдық-техника базасын жақсарту мақсатында 3,5 млрд теңге сомасына 151 бірлік медициналық техника сатып алынбақ.