ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ОРТАЛЫҚ МЕШІТІНДЕ АЙТ НАМАЗЫ ОҚЫЛДЫ
Шымкент қаласының “Ақмешіт” орталық мешітінде Құрбан айт намазы оқылды. Қаланың бас имамы Бақдаулет қажы Нұрматұлы ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтау лебізін жиналған жамағатқа жеткізді. Баршаны қасиеті мол мерекеде ынтымақ-бірлікте болуға шақырды.
Құрбан айт намазына қаланың зиялы қауым өкілдері қатысып, мерекемен құттықтады.
– Құрбан айттағы ниет-құлшылықтарыңыз қабыл болғай. Береке мен бірлікке бастайтын, ағайын арасын жақындастыратын мерекенің мән-маңызы артып келеді. Құрбан айт мерекесінде бір-біріміздің қателіктерімізді кешіріп, өзара татулығымызды арттыруға және де қоғамның игілігі үшін қайырымды істерді жүзеге асыруға атсалысайық, – деді қаланың бас имамы.
Құрбан айт намазынан кейін мешіт жамағаты үшін қой көтеру, кір тасын көтеру, арқан тартудан жарыс ұйымдастырылды.
Шаһарда биылғы мерекені ерекше өткізу жоспарлануда. Атап айтқанда, бүгін қала тұрғындары мен қонақтарға арналған «Балаларға базарлық», QURBAN AIT FEST атты мерекелік, рухани іс-шаралар өтеді. Онда дәстүрлі әндеріміз насихатталып, ұлттық спорт ойындарынан сайыстар ұйымдастырылады.
Қалада құрбандық шалуға арнайы 3 орын белгіленіп отыр.