Маңғыстаулық делегация Түркістанның инвестициялық және туристік әлеуетімен танысуда - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Маңғыстаулық делегация Түркістанның инвестициялық және туристік әлеуетімен танысуда

1
Түркістан облысында инвестициялық климат қалыптасқан. Өндіріс саласы жаңа қарқынмен дамып келеді. Бұл – өзге өңірлерге үлгі. Аймақ басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес өңірге инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, жаңа жұмыс орындарын құру бағытында қарқынды жұмыстар жалғасуда. Жұмыс нәтижелері еліміздің өзге өңірлерінің қызығушылығын арттыруда.
Өңірдегі жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асыру барысымен танысу, тәжірибе алмасу мақсатында еліміздің өзге өңір делегацияларының Түркістан облысына іссапары жалғасып жатыр. Бұл жолы Маңғыстау облысынан келген жұмыс тобы аймақтың инвестициялық және туристік әлеуетімен танысып, маңызды ақпараттар алды.
Екі күнге жоспарланған сапардың алғашқы күні жұмыс тобы Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовпен кездесіп, өңіраралық әріптестікті нығайту, даму бағдарламалары жөнінде талқылады.
Сонымен қатар шаһардың тарихи-мәдени орталығына экскурсия жасап, «Ұлы дала елі» мұражайы, Қ.А.Ясауи кесенесі, «Күлтөбе» ескі қалашығымен танысты.
Іссапардың екінші күні «Turan» арнайы экономикалық аймағында жалғасты. Кейіннен, маңғыстаулық делегация шағын өндірістік парк аймағында болып, «Жасыл Суық Қазақстан» ЖШС, «Aqniet Holding» ЖШС, «BNK Group» ЖШС, «Daulet Holding» ЖШС, «Тұран Су» ЖШС-дегі жұмыс барысын бақылады.
Осы күні жұмысшы топ Ордабасы, Сайрам ауданындағы өндіріс орындарында, жылыжайда болды. Жұмыс барысына қаныққан маңғыстаулық делегация Түркістан облысының табысты тәжірибесін өз өңірлерінде ендіруге ниетті.
Айта кетейік, облыста негізгі инвестициялық алаңдар ретінде 15 индустриалды аймақ пен «TURAN» арнайы экономикалық аймағы бар. АЭА қатысушыларына әкімдік тарапынан қолдау мен жеңілдіктер қарастырылған. Қазіргі уақытта АЭА-да 129 жоба жүзеге асырылуда. Олардың 95-і іске қосылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements