Түркістан: Жаздық егістік 14 мың гектарға егілді - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Түркістан: Жаздық егістік 14 мың гектарға егілді

4

Биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдарына арналған егістік көлемі 26 мың гектарға ұлғайтылып, 896 мың гектарды құрап отыр.

Егістікті әртараптандыру мақсатында мақта 29 мың гектарға ұлғайтылып,135,3 мың гектарға, дәнді дақылдар 5 мың гектарға артып, 338 мың гектарға, майлы дақылдар 2 мың гектарға ұлғайтылып, 72,7 мың гектарға артығымен егілмек. Ал, көкөніс және бақша дақылдары 7 мың гектарға, мал азықтық дақылдары 3 мың гектарға қысқартылады.
Бүгінгі күнге жоспарланған 519 мың гектар жаздық егістіктің 14 мың гектары егілді. Дала жұмыстарына 17,5 мың техника жұмылдырылған. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында 15,7 мың трактор, 1,7 мың дәнсепкіш техника, 2,9 мың соқа, 2,2 мың қопсытқыш бар. Сонымен қатар Жетісай ауданында «Мақталы жер» базасында арнайы машина-трактор станциясы құрылып, «Оңтүстік «АИО» ЖШС және «Ырыс» МҚҰ» ЖШС арқылы қаржыландырылды. Жоба құны – 447 млн теңге. Қаржыландыру нәтижесінде 12 трактор, 7 дәнсепкіш және 5 қопсытқыш, жалпы 24 бірлік техника сатып алынды. Дала жұмыстарына ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы 98 пайызды құрайды.
Үкіметтің қолдауымен көктемгі дала жұмыстарына 55,3 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінді. Ақпан айына бөлінген 2 мың тонна жанармай агроқұрылымдарға босатылуда. Босату бағасы нарықтық бағадан 15% төмен. Одан бөлек, тауар өндірушілер жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілген. Минералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мақсатында отандық тыңайтқыш зауыттарының 60% субсидиясы төленді. Бағдарламаға өтінім қабылдау жүргізілуде. Сонымен қатар облыс аумағындағы қоймада 25 мың тонна минералды тыңайтқыш сақтаулы. Дала жұмыстарын жүргізуге «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 8,8 млрд. теңгеге 1141 жоба қаржыландырылды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Advertisements