Алматы: Биыл қанша ескі үй сүріледі

2030 жылға дейін Алматыда кемінде 676 ескі үйді жаңарту жоспарлануда.
Өткен жылы мәслихат Алматы қаласындағы тұрғын үйлерді 30 жылға дейін жаңартудың жаңа бағдарламасын бекітті, оның негізгі қағидаты кварталды құрылыс болып табылады.
Жаңа жаңарту бағдарламасына 1930-1980 жылдар аралығында салынған, екі қабатты немесе апатты деп танылған көп пәтерлі және жеке үйлер, сондай-ақ инфрақұрылымды кешенді жаңарту мен жаңғыртуды талап ететін өнеркәсіптік, коммерциялық және қоғамдық ғимараттар кіреді.
Сондай-ақ, көппәтерлі үйлер мен басқа да объектілерді бұзу кезектілігі олардың техникалық жай-күйін ескере отырып айқындалатын болады.
Жаңа бағдарламаға сәйкес, ескі үйді бұзу кезінде меншік иесіне пәтерін жаңасына айырбастауға немесе тұрғын үйдің нарықтық құны бойынша ақшалай өтемақы алуға мүмкіндік беріледі.
Бұрынғыдай, айырбастау “бөлмеге бөлме” қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Яғни, тұрғындардың санына қарамастан, бір бөлмелі пәтер үшін тек бір бөлмелі пәтер алуға болады. Егер бұрын тек айырбастау мүмкіндігі болса, енді тұрғындарда өтемақы түріндегі балама берлңп .
Мәліметтерге сәйкес, бүгінгі таңда Алматыда 43 мыңнан астам адам тұратын 1366 ескі тұрғын үй бар.
Жаңарту бағдарламасы аясында 2025 жылы 78 ескі үйді бұзу жоспарлануда.
Жалпы, 2030 жылға дейін бағдарлама 676 көппәтерлі тұрғын үйді қамтиды.
Айта кетейік, Алматыдағы ескі үйлердің 40% – дан астамы Түрксіб ауданында орналасқан.