ШЫМКЕНТТЕ ҚЫЗЫЛШАНЫҢ ТАРАЛУЫНА ЖОЛ БЕРМЕУ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

ШЫМКЕНТТЕ ҚЫЗЫЛШАНЫҢ ТАРАЛУЫНА ЖОЛ БЕРМЕУ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

0
99
Шымкент қаласында эпидемиологиялық жағдайға байланысты жедел жәрдем қызметі, стационар мен емханалар күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
 Бүгінде қызылшамен сырқаттанушылық артып отыр. Сондықтан қалалық Жұқпалы аурулар ауруханасының төсек қоры 120-дан 260-қа дейін көбейтілді. Қосымша қалалық Клиникалық балалар ауруханасында 30 төсектік оқшаулау бөлімшесі ашылды.
 Жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген науқастарға дер кезінде медициналық көмек көрсету үшін қабылдау бөлімі 5 боксқа ұлғайтып, қажеттілігіне қарай стационарда бекет көбейтіледі. Оған қоса, күнделікті 5 дәрігер кезекшілікпен емделушілерге көмек көрсетуде. Сондай-ақ қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен ЖАА-на көмек көрсету есебінде емханалардан 2 дәрігер кезекпен медициналық көмек беруде.
 Сонымен қатар, емханадағы мобильді бригадалар жұмысы күшейтілген. Тәулік бойы ауруханада амбулаториялық науқастарға консультациялық көмек көрсетілу ұйымдастырылған.
 Қазіргі уақытта қалада қызылшаға қарсы жалпы иммундау қарқынды жүргізілуде. Бүгінге дейін 29 892 азаматқа екпе егіліп, яғни бұл жалпы жоспардың 25,3 пайызын құрап отыр. Иммундауға 6 айдан бастап 11 ай 29 күнге дейінгі және 2 жастан 4 жасқа дейінгі балалар мен медицина қызметкерлері жатады. Иммундау процесін жүргізу үшін 187 егу пункті ұйымдастырылып, 49 көшпелі егу бригадасы жасақталған.
 Айта кетейік, қызылшаның асқынуы ортаңғы құлақтың қабынуы, соқырлық, бронхопневмония, жатыр мойны лимфа түйіндерінің қабынуы, ларингит және энцефалитке әкелуі мүмкін. Сондықтан медицина мамандары ата-аналарға жауапкершілік танытып, балаларын вирустан сақтандыру үшін екпе салдыруға шақырып отыр.
Advertisements