Шымкенттік оқушылар ұлттық ойындарда сайысқа түсті

25 қазан – Республика күніне орай, Шымкент қаласындағы Оқушылар сарайына қарасты аула клубтарының қатысуымен ұлттық ойындар жарысы ұйымдастырылды. Іс-шара «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» тақырыбында өтті. Шараның басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық ойындарын дәріптеу, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, жастар арасында ұлттық рухты оятып, мәдени мұраға деген құрметті арттыру.
Жарысқа алты аула клубының балалары қатысты. Олар ұлттық ойындар — «Жаңылма», «Тақия тастамақ», «Дәл басу», «Асық», «Бәйге» және «Жаяу тартыс» бойынша бақ сынасты. Бұл ойындар балалардың ептілігі мен тапқырлығын сынап қана қоймай, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіруге ықпал етті.
Іс-шараның қорытындысында жеңімпаз топтар анықталып, оларға кубоктар мен бағалы сыйлықтар табысталды.