Баланы жағажайда тоқ ұрды

Қапшағай жағалауында 11 жастағы баланы тоқ ұрып, қаза тапты.
Әлеуметтік желідегі бейнежазбада баланың туысқаны айтып өткендей, жазатайым оқиға 24 мамырда Қапшағай турбазаларының бірінің жанында болған. Көмекке жүгірген бірнеше адам да зардап шегіпті. Оларды да тоқ ұрған.
Әйелдің айтуынша, клубтың жанындағы жабайы жағажайда көрінбейтін салбыраған электр желілері бар.
“Сағат 12:00 шамасында 24 мамырда жиенім ойнауға кетті. Ол бәлкім, салбыраған сымды байқамады. Сөйтіп, оны тоқ ұрды. Ол мерт болды. Қорытынды бар. Оған көмекке асыққан қызды да электр тоғы ұрды. Ол екінші дәрежелі күйік алды. Тағы бір жігітті де электр тоғы соқты“, – деді әйел.
Оның айтуынша, жағажайда ескерту белгілері болған жоқ.
Қонаев қаласының әкімдігінде хабарлағандай, аталған аумақтағы электр желілері жекенің меншігіне тиесілі.
“Қайғылы оқиғадан кейін тіректер жағажайдан алыс жерге ауыстырылды. Осы факті бойынша Қонаев қаласының полиция басқармасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 306–бабының 3–бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Жағдай бақылауда“, – деп сендірді әкімдіктегілер.