Шымкентте заманауи қоқыс өңдеу кешені салынады
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков шетелдік «Shaanxi Construction Engineering» компаниясының өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Шымкент қаласында заманауи қоқыс өңдеу кешенін салу туралы меморандумға қол қойды. Жоба аясында қалдықтарды өртеп, электр және жылу энергиясын өндірумен қатар, қалған күлден құрылыс материалдарын шығару жоспарлануда.
Айта кетейік, құжаттарға қол қою биыл Шымкент қаласы әкімінің Қытай Халық Республикасына жасаған сапары аясында, сондай-ақ Сиань қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығының қолдауымен қол жеткізілген келісімдердің нәтижесінде жүзеге асты.
Шетелдік инвесторлар жобаға шамамен 150 миллион АҚШ долларын салуға дайын. Кешен іске қосылғаннан кейін 70 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, жыл сайын 365 мың тонна тұрмыстық қалдық өңделіп, шамамен 147 миллион кВт*сағат электр энергиясы өндірілмек.
Инвесторлармен кездесуде қала әкімі экология мен санитарлық қауіпсіздік мәселелерінің кез келген мегаполис үшін аса өзекті екенін атап өтті. Бүгінде қалада күн сайын 700 тоннадан астам тұрмыстық қалдық полигонға шығарылып отыр. Қазіргі уақытта Шымкентте озық технологиялы қоқыс өңдеу зауытының қажеттілігі туындап отыр.
Жобаның ерекшелігі — кешен тұрмыстық қалдықтарды электр энергиясына айналдыратын негізгі станцияны, түтін газдарын жағу және тазалау құрылғыларын, пайдаланылған жылуды кәдеге жарату, ағынды суды тазарту қондырғыларын, қосымша құрылыстар мен инфрақұрылымдық нысандарды қамтитын болады.
Жобаға сәйкес, кешен қоршаған ортаға ешқандай зиян тигізбейді, себебі қоқысты жағу барысында түзілген газдар көпсатылы тазалау процесінен өтеді. Бұл зауытты іске қосу қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесін шешіп, мегаполистің экожүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді.