Шымкенттің бас шыршасы жағылды
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Шымкент қаласының тұрғындары ертегілер еліне енді. Астана алаңында салтанатты түрде «OPEN AIR SHYMKENT 2024» фестивалі ұйымдастырылып, қаланың бас шыршасының шамдары жағылды.
Іс-шараның басты мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтарына жаңа жыл алдындағы ерекше көңіл-күй сыйлау болған.
Әсем безендірілген алаң, шырша, әсерлі шоу, асыр салған балалар мен көңілді тұрғындар шара мақсатының орындалғанының дәлелі болғандай.
Фестиваль бағдарламасы әртүрлі қызықты қойылымдар мен әсерлі шоуларға толы болды.
Қалада алғаш рет өткізілген LASER SHOW және FIRE SHOW – заманауи технологияларды пайдалана отырып, қала жетістіктерін бейнелейтін көркем көріністер ұсынылды. Бұл шоу көрермендерге ұмытылмас әсер қалдырды.
Аяз ата шеруі – балалар мен барша жиналған көпшілікті ертегілер еліне жетеледі.
«Шымкент-цирк» өнерпаздарының қойылымы – цирк өнерінің ең үздік және әсерлі нөмірлері сахналанды.
Эстрада жұлдыздары – танымал әншілер Әлділет Жауғашар, Нұрсұлтан Нұрбердиев, Махмуд Урумбаев, сонымен қатар «Қазына» және «Яссы» би ансамбльдері өз өнерлерін көрсетті.
Іс-шараны Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы мен Туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы ұйымдастырды.
Бұл фестиваль Шымкент қаласының мәдени және шығармашылық мүмкіндіктерін паш етіп, барша қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлады.
Шараның тағы бір тосын сыйы Coca-Cola керуенінің қаланы аралау шеруі болды.