Алматы облысындағы тас жолда 18 автокөлік соқтығысты
Қалың тұман мен асығыстық. Салдарынан жүргізушілер бірін–бірі көрмей қалған.
Жаппай жол көлік оқиғасы “Алматы — Өскемен“ автожолының (“Алматы–Қонаев“бағыты) учаскесінде орын алды. Бұл туралы Ұлттық автожол операторы — “Қазавтожол“ компаниясының баспасөз қызметі хабарлады. “2025 жылғы 15 қаңтарда сағат 07:30 шамасында “Алматы–Өскемен“ автожолының (“Алматы — Қонаев“ бағыты) 28–ші шақырымында 18 көлік құралының қатысуымен жол–көлік оқиғасы орын алды. Апат қалың тұман жағдайында болды. Алдын ала ақпарат бойынша, апаттың себебі жүргізушілердің жылдамдық режимін және шектеулі көріну жағдайында қауіпсіз қашықтықты сақтамауы болды“, — деп хабарлайды “Қазавтожол“. Оқиға орын алған жол учаскесі ІА техникалық санатына жатады, алты жолағы бар. Жолдың құрғақ, ақаулары мен бөгде заттары жоқ екендігі анықталды. Апаттан зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның мән-жайы нақтыланады.