Шымкентте қалалық ғылыми семинар өтті - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкентте қалалық ғылыми семинар өтті

7
Шымкент қаласында «Ұлтаралық татулық – тәуелсіздікті нығайтудың негізі» тақырыбында қалалық ғылыми семинар өтті.
Ел бірлігін нығайту, этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті дәріптеу, жас буын арасында қазақстандық патриотизмді насихаттау, елдің ынтымағына ықпал ететін құндылықтарды жас буын бойына сіңіруді көздеген семинарда Шымкент университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Нұрлыбек Сейтқұлов, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысының орынбасары Талғат Бейсембиев, Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сарапшылық топтың жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбаев, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің басшысы Марат Спатаев, Шымкент қалалық «Ахысқа» түрік этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Тұрғанбай Каманов сөз сөйледі.
Семинарда 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанынан консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылып, бүгінде конституциялық органға айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тарихы, атқаратын қызметі, мақсаты мен басты басымдықтары баяндалды. Сондай-ақ ассамблеяға жүктеліп отырған маңызды міндеттер мен оны атқару жолында қолға алынатын байыпты бастамалар, ауқымды жобалар туралы сөз қозғалды. Этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайтуды мақсат тұтқан іс-шараға қатысушылар өзара пікір алмасып, ой-пікірлерімен бөлісті. Ортақ ойдың түйіні – қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсінушілікті қалыптастыру маңызды.
Семинар барысында қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесі мен Шымкент университеттің арасында халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Advertisements