Лицензиялау талаптары күшейді - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Лицензиялау талаптары күшейді

3

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелер үшін міндетті лицензиялау енгізілді.

Шымкент қаласында басқармаға қарасты 11 әлеуметтік орталық лицензия алуға дайын.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің №230 бұйрығына сәйкес, мемлекеттен қаржыландырылатын барлық үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) мен мемлекеттік мекемелер лицензия алуы тиіс. Бұл шараның басты мақсаты – мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін қызметтің сапасын арттырып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Лицензия алу үшін мекемелер бірнеше талапқа сай болуы қажет. Олардың қатарында санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды, өрт қауіпсіздігі актісі, медициналық лицензия, штаттық құрылымның бекітілуі және ғимараттың нысаналық мақсатына сәйкестігі секілді шарттар бар. Құжаттар «Әлеуметтік қызметтер» порталы (aleumet.egov.kz) арқылы қабылданады.
Алайда, көптеген ҮЕҰ бұл талаптарды орындауда қиындықтарға тап болып отыр. Кейбір ұйымдар ғимаратты жалға алатындықтан, құжаттарын рәсімдеу мәселесінде кешігуде. Қазір Шымкент қаласында 3 ҮЕҰ мен 1 мемлекеттік орталық лицензия алды. Басқармаға қарасты 10 мекеме құжаттарын сәйкестендіріп жатыр.
Лицензия ала алмаған ҮЕҰ-лардан қызмет алушыларға балама ретінде басқармаға қарасты орталықтар ұсынылуда. Мәселен, №6 «Балалар» орталығы 100 орынға лайықталып, 62 балаға қызмет көрсетуде. Мұнда ҮЕҰ-дан қызмет алып келген 38 баланы орналастыруға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, №8 «Қамқорлық» орталығы 150 орынға арналған, қазір 143 бала қамтылған.
Алдағы уақытта психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан азаматтарға арналған 50 орындық жартылай стационарлық орталық ашу жоспарланып отыр. Қазір тиісті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Лицензиялау – әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Қазіргі басты міндет – ерекше жандарға үздіксіз және сапалы қызмет көрсету.
Advertisements