Сауранда мал бордақылау алаңы салынып жатыр

Сауран ауданына қарасты Бабайқорған ауылдық округінде 20 гектар аумақта ірі қара мал бордақылау алаңының құрылысы басталды. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров құрылыс алаңына барып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Кешенде 5000 бас ірі қара мал бордақыланып, ет, жем өндірісі және тері өңдеу бағыттары бойынша жұмыс істейтін болады. Нысанның негізін «Мырзахан»шаруа қожалығының басшысы Мырзахан Байтурсынов қалаған. Кешен құрамына бордақылау алаңы, мал сою, тері өңдеу, қан, тұяқ өңдеу алаңы мен мал дәрілеу, ветеринар, шөп жинау, жем жинау, малға жем дайындау, тыңайтқыш өңдеу алаңдары болады.
Құрылыс жұмыстары биылғы жылы басталып, 2026 жылдың қазан айында аяқтау жоспарланып отыр. Нысан толық іске қосылғанда, бұл жерде 60-тан астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады. Бұл кешен аудандағы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлкен серпін береді. Мал бордақылау арқылы ет өндірісі көлемі артып, ішкі нарықта жоғары сапалы өнімдер қолжетімді болмақ. Сонымен қатар тері және тыңайтқыш өңдеу цехтарының іске қосылуы шикізатты толық пайдаланып, қалдықсыз өндіріс жүйесін енгізуге мүмкіндік береді.
Жаңа жұмыс орындарының ашылуы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, тұрақты табыс көзін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ өңір экономикасы күшейіп, салық түсімдерінің артуы арқылы ауданның инфрақұрылымын дамытуға қосымша қаржы бөлінеді. Бұл жоба – өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі