Шымкент: Жеңістің 80 жылдығына арналған фотокөрме өтті - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкент: Жеңістің 80 жылдығына арналған фотокөрме өтті

1

9 мамыр – Жеңіс күніне орай Шымкент қаласында ел жадында мәңгі сақталатын тағылымды шара өтті.

Абай саябағында қала әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылған «Өткеннің үнсіз куәгерлері» атты фотокөрме көпшіліктің жүрегіне терең әсер қалдырды. Көрме – Жеңістің 80 жылдығына арналды.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков ардагерлермен бірге фотокөрмені аралап, тарихи сәттермен танысты. Экспозицияда фотограф Мақсат Шағырбайдың 2012 жылдан бері жеке мұрағатында жинақталған соғыс ардагерлерінің сирек кездесетін фотосуреттері қойылды. Бұл суреттер – тірі тарихтың көрінісі. Олар арамызда жоқ ардагерлердің әр жылдардағы өмір белестерін, қарапайым сәттер мен қиын кезеңдерді бейнелейді.
Әр фотосурет – бір тағдырдың тынысы, бір дәуірдің лебін жеткізетін үнсіз естелік. Ардагерлердің жүзіндегі әжім – соғыстың қасіреті мен төзімнің бейнесі. Көрме болашақ ұрпаққа өткеннің аманатын жеткізетін рухани мұра іспетті.
Сондай-ақ, шара аясында «Бос орындықтар» көрмесі ұйымдастырылды. Онда өңірімізден шыққан ардагерлердің жеке қолданған заттары көпшілік назарына ұсынылды. Бұл – соғыс жылдарындағы ерен ерліктің, жоғалмайтын жадымыздың және рухани сабақтастықтың белгісі.
Advertisements