Шымкентте 117 көлік сататын автосалон бар

Бүгін қала әкімі Ғ.Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте маусым айындағы мерекелердің жоспары, жер ресурстарын ұтымды пайдалану, жылыту кезеңінің мәселелелері талқыланды.
Қала әкімінің орынбасары С.Құранбек алдағы мерекелік бағдарламалармен бөлісті. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні, Халықаралық балаларды қорғау күні және Қала күні мерекелеріне арналған барлығы 30-ға жуық іс-шара өткізу жоспарланған.
Халықаралық балаларды қорғау күнінде жыл сайынғы дәстүр бойынша «Bala Shym» өнер фестивалі өтеді. 4 маусымда Мемлекеттік рәміздер күніне орай қала аумағында мазмұнды әрі рухани маңызы зор бірқатар іс-шаралар жоспарланып отыр. Ал 19 маусым Қала күні мерекесіне орай халықаралық және республикалық деңгейдегі іс-шаралардан тұратын онкүндік ұйымдастырылады. Қала басшысы жауаптыларға мерекелік бағдарламаларды мазмұнды, мағыналы, заманауи талаптарға сапалы ұйымдастыру бойынша тапсырма берді.
Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы А. Мухаддас салада атқарылған жұмыстарды жеткізді. Қала аумағындағы мемлекет меншігіндегі жерлерді заңсыз иелену, нысаналы мақсатына сай пайдаланбау, кәсіпкерлік мақсатындағы игерілмей жатқан жер учаскелеріне жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша 110 жеке және заңды тұлғаға қатысты 10 824 640 теңге айыппұл салынып, өндірілді.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес автосалондарға зерделеу жүргізіліп, жалпы 117 көлік сататын орын анықталды. Оның ішінде 86-сына қатысты департаменке хат түсіп, 46 тексеру жүргізіліп, 4 824 640 т айыппұл салынды. Тексерудің нәтижесімен 3 автосалон жабылды, қалған 40 нысан бойынша тексеру жүргізілуде. Ғ.Әбдімәжитұлы сала басшыларына ең алдымен, халықтың қауіпсіздігі мен қаланың кескін-келбетіне нұқсан келтірмеуді ескеріп, жер ресурстарын ұтымды пайдалану бағытындағы жұмыстарды заң шеңберінде атқаруды тапсырды.