«New color» және «Best home» құрылысқа көрік берген брендтер - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

«New color» және «Best home» құрылысқа көрік берген брендтер

1

«Оңтүстік» индустриалды аймағында орналасқан «BEST HOMЕ KZ» ЖШС-і отандық нарықта құрылысқа қажетті бояу мен әрлеу материалдарын шығаратын кәсіпорын. Қазіргі уақытта зауыт екі танымал бренд бойынша өнім өндіреді. Олардың ішінде «New color» жоғары сапасымен ерекшеленсе, ал «Best home» маркасы қолжетімді бағамен және сенімді сапамен тұтынушыларға жетеді.

Орайы келгенде біз кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысып, аталмыш серіктестік басшысы Исраил Мамирбаевпен тілдескен болатынбыз. Кәсіпкер кәсіпті бастау жолында кездескен қиындықтарымен және жетістіктерімен бөлісті. Ол «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан алынған несие және индустриалды аймақтан бөлінген жер телімі арқылы кәсіпке алғашқы қадам жасалғанын айтты. Бастапқыда мұнда 10 адам жұмыс істеген екен. Қазір өндіріс көлемі ұлғайған сайын олардың қатары толыға түсуде.

«Біздің өндірісте 3-4 миксер жұмыс істейді. Нарыққа шығарылатын өнімнің 80%-ы осы құралдардың көмегімен дайындалады», – дейді Исраил Мамирбаев.

Құрылыс саласының көркін арттырып, ғимараттарды көркемдей түсер маңызды элемент – бояу. Ғимараттың ішкі қабырғасы мен сыртқы түсіне дейін айқындайтын, оларға эстетикалық әрі қорғаныс қызметін беретін бұл өнімнің маңызы ерекше. Алайда, бояу өндірісінің өзекті мәселесі – шикізатқа тәуелділік. Елімізде көптеген химиялық компоненттер Ресей мен басқа шетелдерден тасымалданады. Дегенмен, «BEST HOMЕ KZ» компаниясы қажетті ұнтақтар мен қоспалардың бір бөлігін отандық нарықтан, ал қалғанын Ресейден тұрақты түрде сатып алады.

«Біз негізінен ақ бояудың әртүрлі түрлерін өндіреміз. Жалпы ассортиментімізде 20-ға жуық өнім бар. Мысалы, эмульсияның 15-тен астам түрін шығарамыз. Олардың бір бөлігі интерьер үшін, ал енді біреулері сыртқы әрлеуге арналған. Сонымен қатар, бізде кір мен дақтарды оңай кетіруге арналған арнайы формулалары да қарастырылған. Яғни, қабырғаға жағылған өнімді сүртуге немесе жууға арналған түрлерін де шығарамыз, – дейді кәсіпкер.

Қазіргі таңда «BEST HOMЕ KZ» Шымкент пен Түркістан өңіріндегі құрылыс компанияларының сенімді серігіне айналып, Қызылорда мен Алматыдан да ірі тапсырыстар алады. Кәсіпорын алдағы уақытта өндірісті кеңейтіп, еліміздің құрылыс саласында жетекші бояу өндірушіге айналу мақсатын қойып отыр. Осыған орай, олар «Жұлдыз» индустриалды аймағынан жаңа жер телімін алып, өндірісті дамытуға белсене кірісуде.

Сонымен бірге, Исраил Мамирбаев «Жұлдыз» аймағындағы жоспарларын толық ашпағанымен, бізге бір тың жаңалық айтты. Ол құрылысқа қажетті бояулардан бөлек, енді бояуды құятын шелек өндірісін де қолға алмақ ниетте. Қазіргі уақытта бұл өнім Қырғызстаннан әкелінсе, жақын арада отандық өндіріс жолға қойылады деп жоспарлануда.
Осылайша, «BEST HOMЕ KZ» компаниясының дамуы еліміздің құрылыс индустриясын сапалы әрі қолжетімді бояулармен қамтамасыз етіп, отандық өндірістің өркендеуіне тың серпін беретініне сенім мол.

 

Диля Дулат

Advertisements