
Шымкент – соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан ірі өндірістік орталықтардың бірі. Бұл даму үдерісінде индустриялық аймақтардың алар орны ерекше. Қала аумағында жалпы көлемі 1 276 гектарды құрайтын жеті бірдей өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді.
Олар – ел экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және отандық өндірісті қолдауға бағытталған маңызды бастамалардың көрінісі.
Бүгінде аталған аймақтарда құны 685,9 миллиард теңгені құрайтын 446 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде 312 жоба сәтті іске қосылып, 19 мыңнан астам азамат тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді.
«Оңтүстік» индустриялық аймағы
Шымкенттің өндірістік жүрегі іспетті. Бұл аумақта құны 132,5 млрд теңгені құрайтын 96 жоба жоспарланған. Қазіргі таңда олардың 88-і іске қосылып, 5 723 адам жұмыспен қамтылды. Мәселен, «QazAlPack» ЖШС алюминий қаптамаларын өндіретін заманауи зауытын жаңғыртып, бір ғана жоба аясында 112 жұмыс орны ашылды.
«Тассай» индустриялық аймағы
«Тассай» индустриялық аймағы да ел экономикасына елеулі үлес қосып отыр. Жалпы құны 73,1 млрд теңгені құрайтын 42 жоба аясында 2 195 жаңа жұмыс орны құрылды.
Сауда-логистикалық орталықта 47,1 млрд теңгеге бағаланған 8 жоба жүзеге асырылуда. Олардың нәтижесінде 644 азамат еңбекпен қамтылған.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы
Қазіргі таңда 147,9 млрд теңгеге 77 жоба жоспарланған. Оның ішінде 43 жоба жүзеге асырылып, 1 250-ден астам жұмыс орны ашылды. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылған екі жоба – «ZeineP» ЖШС (химиялық зауыт) және «BIK-KANC» ЖШС (кеңсе қағазын өндіру) өндірістік әлеуетті арттыруға айтарлықтай серпін берді.
«Бозарық» агро-индустриялық аймағы
Ауыл шаруашылығы бағытындағы маңызды жоба. Аумағы 132 гектарды қамтитын бұл аймақта құны 49,9 млрд теңгені құрайтын 19 жоба орналастыру көзделуде. Қазіргі уақытта инфрақұрылым желілерінің 95%-ы аяқталған. Автомобиль жолдарының құрылысы да толық тәмамдалып отыр.
Сонымен қатар, қалада қосымша 1 660 гектар аумақта 5 жаңа өндірістік алаң құру көзделуде. Бұл бағытта барлық қажетті сараптамалардан өткен инфрақұрылым жобалары дайын. Аталған жұмыстар нәтижесінде Шымкент қаласы өндіріс пен логистика саласында жаңа белеске көтеріледі.
Бүгінде «Оңтүстік» АЭА мен «Жұлдыз» индустриялық аймағын кеңейту үшін қосымша 330 гектар жер телімін мемлекет қажеттілігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде. Болашақта бұл жерлерде жаңа өндірістік қуат көздері пайда болады деп күтілуде.
Тағы бір маңызды бастама – металлургиялық бағыттағы жаңа индустриялық аймақтың құрылуы. Шымкенттің оңтүстік-батыс бөлігінде орналасатын бұл өндірістік кешен 1 076 гектар аумақты қамтиды. Тұжырымдамасы бекітілген жаңа аймақ – болашақ металлургия кластерінің өзегіне айналуы ықтимал.
Шымкент қаласының индустриялық аймақтары – заманауи өндірісті дамытудың қуатты платформасы. Бұл жобалар қала экономикасын нығайтып қана қоймай, мыңдаған азаматқа тұрақты жұмыс, қоғамға жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр.