Кәсіпкерлікке кең өріс: Шымкенттегі қолдау шаралары - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Кәсіпкерлікке кең өріс: Шымкенттегі қолдау шаралары

1

Шымкент қаласы соңғы жылдары шағын және орта бизнесті дамытуда озық нәтижелер көрсетіп келеді. 2025 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында қалада жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 139,1 мың бірлікке жетті. Оның ішінде 21,8 мыңы – заңды тұлға, 111,8 мыңы – дара кәсіпкер, ал 5,5 мыңы – шаруа қожалығы. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,3 пайызға артық көрсеткіш.

Қаланың кәсіпкерлік секторы тек сан жағынан ғана емес, сапалық тұрғыдан да өсіп келеді. Мәселен, осы кезеңде 244,8 мыңнан астам азамат шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылған. Бұл – былтырғы көрсеткіштен 10,3 пайызға жоғары. Сонымен қатар, өндірілген өнім көлемі 865,5 млрд теңгені құрап, 23,9 пайыздық өсім көрсетті. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 57,5%-ға жетіп отыр. Бұл – қала экономикасының негізгі тірегінің кәсіпкерлік екенінің айқын дәлелдейді.

Шағын бизнесті өркендетуге бағытталған мемлекеттік қолдау тетіктері де жүйелі түрде жүзеге асуда. 2025 жылы «Бірыңғай кешенді бағдарлама» аясында кәсіпкерлікті қолдауға республикалық және жергілікті бюджеттерден жалпы көлемі 20 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 5,9 млрд теңгеден астам қаражат 1916 жобаға қолдау көрсетуге бағытталды. Атап айтқанда, банк несиелерінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау арқылы 1853 жобаға 5,76 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілсе, 63 жоба банк несиелерін ішінара кепілдендіру бойынша 130,7 млн теңгемен қамтылды.

Сонымен қатар, «Іскер қала» бағдарламасы шеңберінде өндірістік алаңдарды жалға алу шығындары мен субсидиялар өтеу үшін де бюджеттен қаражат қарастырылған. Жыл басынан бері бұл бағытта 16,4 млн теңге субсидия және 33,7 млн теңге жалдау ақысы өтелді.
Шымкент қаласында шағын және орта кәсіпкерлік – экономикалық өсімнің қозғаушы күші ғана емес, тұрақтылық пен жаңа жұмыс орындарының кепіліне айналып отыр. Қолда бар әлеует пен мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде шағын бизнес өкілдері қаланың экономикалық дамуына елеулі үлес қосуда.

Advertisements