Тұрғын үй сертификаты кімге тиесілі - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Тұрғын үй сертификаты кімге тиесілі

42

Ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификаты тұрғын үйге мұқтаж және табыс деңгейі жеткіліксіз отбасыларға беріледі.

Тұрғын үй сертификаты әлеуметтік көмек ретінде қарыз сомасының 10%-ы, бірақ 1 000 000 (бір миллион) теңгеден аспайтын мөлшерде қайтарымсыз негізде беріледі.

Сертификат I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасыларына, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған, 29 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иегерлеріне, бұрын “Батыр ана” атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі “Ана даңқы” ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар мен көпбалалы, толық емес отбасыларына және Шымкент қаласының мемлекеттік мекемелері мен кәсіпорындарының қызметкерлеріне беріледі.

Тұрғын үй сертификаты – мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында «2-10-20», «5-10-20» және «Наурыз» бағыттары бойынша тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық қарыздың бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін берілетін жергілікті атқарушы органның ақшалай көмегі.

Өтініштер kezekte.kz интернет ресурсы арқылы қабылданады, электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) болуы қажет.

Ескеретін жайт, өтініш берушінің және оның отбасындағы әрбір мүшенің соңғы 6 айдағы орташа табысы (зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және өзге де міндетті төлемдерді қоспағанда) 143 307 теңгеден аспауы тиіс. Бұл мөлшер ағымдағы қаржы жылына заңнамада белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен (2025 жылы – 46 228 теңге) аспауы қажет.

Биыл Шымкентте 500 млн теңгеге қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарлануда. Жыл басынан бері 103 азаматқа тұрғын үй сертификаты берілді.

 

Advertisements