Шымкент: Жалдамалы жұмысшыларға солтүстік өңірге қоныс аудару бағдарламасы түсіндірілді - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Шымкент: Жалдамалы жұмысшыларға солтүстік өңірге қоныс аудару бағдарламасы түсіндірілді

22

Шымкент қаласы Еңбек мобильділігі орталығының Әл-Фараби ауданы бойынша мансап орталығы Ілияс Жансүгіров көшесі бойындағы жалдамалы жұмыскерлерге ерікті қоныс аудару бағдарламасы жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Бұл шараның негізгі мақсаты – азаматтарға еңбек нарығындағы мүмкіндіктер туралы толыққанды ақпарат беру және халықтың жұмыс күші артық өңірлерінен кадр тапшылығы сезіліп отырған аймақтарға қоныс аударуды ынталандыру.
Жиынға Павлодар облысынан арнайы келген делегаттар да қатысты. Олар ерікті қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Атап айтқанда, қоныс аударған азаматтарға жол ақысы, тұрғын үй жалдау және коммуналдық төлемдерді өтеу үшін субсидия беріледі. Сонымен қатар, қоныстанушыларға жаңа ортаға бейімделу үшін әлеуметтік қолдау көрсетіліп, балабақша мен мектептерге орналастыру мәселелері шешіледі.
Делегаттар қатысушыларға Павлодар облысындағы еңбек нарығы жайында мағлұмат берді. Әсіресе өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік салада тұрақты, жоғары жалақылы бос жұмыс орындары бар екені атап өтілді. Жалақы мөлшері оңтүстік өңірлердегі ұқсас қызметтермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары екендігіне назар аударылды.
Қоныс аудару бағдарламасына қатысушыларға мынадай қолдаулар ұсынылады – қоныс аударушыларға және олардың отбасыларына көшуге арналған бір реттік субсидия, алғашқы бір жыл бойы тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық шығындарды өтеуге мемлекеттен көмек, жаңа жұмыс орнына орналастыруда жәрдем көрсету, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін азаматтарға жеңілдетілген несиелер мен гранттар бөлу мүмкіндігі бар.
Мұндай кездесулер жұмыс іздеушілер үшін үлкен мүмкіндік болып табылады. Бұл бағдарлама бір жағынан – еңбек ресурстары артық өңірлердегі жұмыссыздық деңгейін төмендетсе, екінші жағынан – кадр тапшылығы бар солтүстік аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосады.
Жиынға қатысқан жалдамалы жұмыскерлер қоныс аударуға қызығушылық танытып, мемлекет ұсынған қолдау тетіктері жөнінде нақты сұрақтар қойды.
Advertisements