Шымкент мұнай өңдеу зауытына – 40 жыл!

Биыл ҚазМұнайГаздың еншілес кәсіпорны – Шымкент мұнай өңдеу зауытына – 40 жыл. Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған алып кәсіпорын бүгінде өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруда.
Заманауи технологиямен жабдықталған өндіріс орны жылына 6 млн тонна қуаттылықты еңсеріп отыр.
Шымкент мұнай өңдеу зауытында 2025 жылдың қаңтар-шілде айларында 3,58 миллион тонна мұнай өңделді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 520 мың тоннаға артық. Бүгінде дизель отынының тәуліктік өндіріс көлемі 6,4 мың тоннаға жеткен.
“Сынау зертханасы қазіргі кезде заманауи жаңа еуропалық қондырғылармен жабдықталған. Технологиялық қондырғыдағы газдарды, бензинді бақылаймыз, олардың көмірсутек қоспаларын анықтаймыз. Биыл бензин құрамын анықтайтын қондырғы сатып алдық, -дейді мұнай өңдеу зауытының зертхана маманы Гүлжан Қарақұлова.
Басшылықтың мәліметінше, зауыттың дамуына қомақты инвестиция салынды. Соңғы ірі жаңғырту жобасының құны 1,85 миллиард АҚШ долларын құрады. Нәтижесінде өнім сапасы Еуро-4 және Еуро-5 стандарттарына сәйкестендірілді. Ауыр мұнай қалдықтарын қайта өңдеуге мүмкіндік беретін каталитикалық крекинг қондырғысы іске қосылды.
“Қондырғыларды басқару толығымен орталық операторлық пультінде басқарылады. Сол арқылы техникалық үдеріске өзгертулер мен толықтыру енгізуге мүмкіндік бар. Өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласы бойынша арнай бейнебақылау жұмыс істейді”,-дейді мұнай өңдеу зауытының цех басшысының орынбасары Әлібек Жолдасбек.
Зауыттың орталық зертханасы тәулігіне мыңдаған сынаманы тексеріп, жанармай сапасының халықаралық талапқа сәйкес болуын жіті қадағалайды. Биылғы жеті айда 10 мыңнан астам сынаманы зерттеліп, өнімнің К4 және К5 стандарттарына сәйкес екенін растады.












