Шымкентте кәсіпкерлік қарқын алды: 4,9 трлн тенгеге 212 жоба іске асырылады

Биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларында шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,3% – ға өскен.
Өндірілген өнім көлемі бойынша осы кезеңде 865,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңіне 23,9% – ға артқан. Жалпы өңірлік өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 57,5% – ға жетті.
Сонымен, қатар бүгінде қаламызда шағын өнеркәсіп аймақтарды салу бағдарламасы шеңберінде 3 жоба іске асырылуда. Жоспарға сәйкес 150-ден астам шағын кәсіпорын ашылып, 500 адам жұмыспен қамтылатын болады.
Қаланың өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында қолданыстағы 5 өндірістік алаңға («Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы, «Оңтүстік» индустриялық аймағы, «Тассай» индустриялық аймағы, «Сауда-логистикалық орталығы» индустриялық аймағы, «Ордабасы» жекеше индустриялық аймағы) қосымша 438 га аумақта «Жұлдыз» және «Бозарық» индустриялық аймақтары қосылып, қалада жалпы 7 өндірістік алаң жұмыс істеуде.
2025-2030 жылдар аралығында қала аумағында жүзеге асырылатын инвестициялық құны 4,9 трлн теңгені құрайтын 26 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен 212 жобаның пулы жасақталды.
Жобалар тек жергілікті емес, сонымен қатар шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылады. Ірілеріне тоқтала өтсек, түрік капиталының қатысуымен «Alsera KZ» және «Fabe Agro» компаниялары заманауи жылыжай кешенінің құрылысы, алкилат пен полипропилен өндіретін отандық «Intertrans» ЖШС, қытайлық «Shaanxi Construction Kazakhstan» ЖШС қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жобасы.
Айта кетейік, Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметіне сәйкес, қалада белсенді жұмыс істеп тұрған өнеркәсіп кәсіпорындарының саны 798 бірлікті құрады. Оның ішінде 18 – ірі, 43 – орта, және 737 – шағын кәсіпорындар.
Аталған кәсіпорындардың 696-сы өңдеу өнеркәсібі саласында жұмыс істейді. Олардың құрылымында 14 – ірі, 38 – орта, және 644 – шағын кәсіпорындар бар.
2025 жылдың қаңтар-маусым айларында қала бойынша жалпы 679,9 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,9%-ға артық.
Мұндай көрсеткіштер қаланың индустриялық-инновациялық даму бағытының жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Жаңа өндіріс орындарының ашылуы мен технологиялық жаңғырту жобалары өнеркәсіптің серпінді дамуына жол ашып отыр.
Шымкент қаласы алдағы уақытта да индустриялық әлеуетін одан әрі арттырып, еліміздегі өнеркәсіптік хабтардың біріне айналуды көздеп отыр.












