Кәсіпкер: Айман Ахметқызының сырға толы сырғалары - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Кәсіпкер: Айман Ахметқызының сырға толы сырғалары

51

Айман Ахметқызы Тельходжаева — өнерге бала күнінен құштар болып өскен, өмір жолын шығармашылықпен өрнектеген жан. Ол Шымкент қаласында дүниеге келген. Кішкентайынан-ақ сурет салуға бейімі байқалып, бұл қызығушылығы уақыт өте келе оның басты кәсібіне айналды. Жастайынан сурет мектебінде оқып, кейін Қастеев атындағы колледжде білім алып, кәсіби түрде өнер саласында жұмыс істей бастайды.

Бүгінде Айман Ахметқызы – кәсіпкер, зергерлік бұйымдар жасаумен айналысады. Бұл өнерді де ол жайдан-жай меңгеріп кетпеген. 90-жылдары жұбайы, белгілі зергер Мұратбай Тұрлыбектен үйреніп, өз қолымен алғашқы алқа мен сырғасын жасап шығарған. Бұл сәт оның зергерлікке деген алғашқы қадамы болған еді. Өкінішке қарай, жұбайы 2016 жылы өмірден өткен. Дегенмен, Айман ханым жолдасынан алған тәжірибесін өз қолөнеріне айналдырып, зергерлік бағытта жұмысын жалғастырып келеді.

Зергерлік бұйым жасау – үлкен төзімділікті, шыдамдылық пен шеберлікті қажет ететін іс. Бір бұйымды жасау үшін кейде 3-4 күн уақыт кетеді. Айман Ахметқызы өз жұмыстарында металл, ағаш, акрил, эпоксидтік шайыр (смола) сынды түрлі материалдарды қолданады. Оның әр туындысы – ерекше дүниеге деген қиялы мен ішкі көркем сезімінің нәтижесі. Бір қызығы – ол идеяны арнайы іздемейді. Қолына құрал-саймандарды алған сәтте қиялы іске қосылып, ою-өрнек өзінен-өзі пайда бола береді. Нағыз шығармашылықтың шынайы көрінісі – осы болар.

Кейіпкеріміз Айман Тельходжаеваның зергерлік бұйымдармен айналысып келе жатқанына 3 жыл болды. Осы уақыт аралығында кәсіп жолында түрлі қиындықтарды да бастан өткерді. Материал жетіспеушілігі, тұрақты тапсырыс берушілердің аздығы секілді мәселелерге қарамастан, ол бұл саладан бас тартқан емес. Бұған дейін 10-15 жыл бойы картина мен портрет салып келген тәжірибесі, оның қолөнерге деген сүйіспеншілігін нығайта түсті. Қазір көбінесе клиенттер комплект бұйымдарға – сырға, алқа, білезік сияқты жиынтықтарға қызығушылық танытады екен.

Айман Ахметқызының ең үлкен жетістігі – оның шәкірттері. Соңғы бес жыл бойы балаларға арнап шеберлік сабақтарын өткізіп келеді. Сонымен қатар сурет курстарын жүргізіп, республикалық деңгейдегі байқауларда шәкірттері гран-при мен жүлделі орындарға ие болып жүр.
Ол келешекте өз арманын жүзеге асырып, жеке сурет мектебін ашқысы келеді. Сондай-ақ зергерлік бұйымдарды жасап шығаратын көмекшілер санын көбейтіп, кәсібін кеңейтіп, толыққанды команда жинауды көздейді. Қазіргі таңда бұйымдарын еліміз ішіндегі көрмелерде және Instagram желісі арқылы сатуда. Болашақта онлайн сатылымды дамытып, зергерлік бұйымдарын шетелге шығару – басты жоспарларының бірі.
“Ең бастысы – ештеңеге қарамай, өз идеяларыңды жүзеге асыра білу керек. Әр кәсіптің өз қиындығы болады, бірақ одан өте білсең, нәтиже береді”, – дейді Айман Ахметқызы. Бұл сөздер – өмірде талай сынақты өткеріп, өнер жолында талмай еңбек етіп келе жатқан шебердің шынайы тәжірибесі мен өмірлік ұстанымының айғағы.
Қазіргі таңда оның қолынан шыққан зергерлік бұйымдарды Instagram парақшасы арқылы немесе Шымкент қаласындағы Креативтік хабтан (Иляев көшесі, 91-үй) сатып алуға болады. Әр бұйым – шебердің жүрегі мен қолынан туған, ұлттық болмыс пен заманауи талғамның үндестігімен жасалған ерекше туынды.

 

Диля Дулат

 

Advertisements