Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтті: бір күнде 172 тонна қоқыс шығарылды

2025 жылғы 23 тамызда Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» ұранымен жалпықалалық сенбілік өтті.
Экологиялық шараға 3 755 адам қатысып, 136 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде қала аумағынан 172 тонна қоқыс шығарылды.
Аудандық көрсеткіштер:
• Абай ауданы — 445 адам, 16 техника, 28 тонна;
• Әл-Фараби ауданы — 499 адам, 30 техника, 41,7 тонна;
• Еңбекші ауданы — 1532 адам, 33 техника, 15,7 тонна;
• Қаратау ауданы — 704 адам, 25 техника, 42,1 тонна;
• Тұран ауданы — 575 адам, 32 техника, 44,5 тонна.
Сенбілік барысында қатысушылар көшелер мен аулаларды қоқыстан тазалап, қураған ағаштар мен бұталарды кесті, шөп шауып, ағаштарды әктеді, сондай-ақ абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.
Көптеген шымкенттіктер бұл акцияға қатысу қала тазалығына қосқан үлес қана емес, сонымен бірге бірлікті сезінудің мүмкіндігі болғанын айтты.
«Біз отбасымызбен келдік, балаларымызға тазалық әрқайсымыздан басталатынын көрсеткіміз келді», — деді Қаратау ауданының тұрғыны.
«Студенттермен, дәрігерлермен, мұғалімдермен және көршілерімізбен қатар жұмыс істегенде, бұл ортақ істің бізді біріктіретінін түсінесің», — деп қосты сенбілікке қатысушы.
«Таза Қазақстан» акциясы 2029 жылға дейінгі кезеңге арналған аттас мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі Шымкенттің кешенді жоспарының бір бөлігі болып табылады. Оның мақсаты — қаланың тазалығын сақтау, экологиялық жағдайды жақсарту және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Айта кетейік, елімізде осыдан бір жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы басталды.
“Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы. Соңғы жылдары елімізде көптеген маңызды өзгеріс болды. Әділетті мемлекет болу үшін біз заң мен тәртіпке бағынатын қоғам құрып жатырмыз. Сондай-ақ ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, өскелең ұрпақ үшін, яғни, сіздер үшін жасалуда. Қазақ жастарының болашағы – жарқын, жолы – ашық. Мен сіздерге сенемін, зор үміт артамын! Отаншыл, білімпаз, еңбекқор болыңыздар деп тілеймін. Сонда Қазақстанымыз да Әділетті, Таза, Қауіпсіз және Өркендеген озық ел болмақ. Бәріңізге сәттілік тілеймін”, – деді Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде.












