Конституция: Егемендіктің негізі және әлеуметтік әділеттіліктің кепілі

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияның 30 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференциядағы сөзі өте мазмұнды әрі еліміздің құқықтық жүйесі мен саяси реформаларына қатысты маңызды ойларды қамтыған. Мемлекет басшысы Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуда және конституциялық жүйенің дамуында Ата заңның ролін айрықша атап өтті.
Оның сөзі арқылы Конституцияның тек заңды емес, ұлттың рухани және әлеуметтік тұтастығын сақтайтын құжат екенін тағы да ұқтық.
Тоқаев Конституцияның алғашқы қабылданған күнінен бері елімізде орын алған өзгерістер мен реформаларды баяндап, халықтың саяси белсенділігін арттыруда, азаматтық қоғамның қатысуын күшейту жолындағы бастамаларын атап өтті. Ол өз сөзінде осыдан үш жыл бұрынғы Конституциялық реформаның саяси-құқықтық жүйені түбегейлі өзгертудегі маңыздылығын және сол реформаның нәтижесінде Қазақстанның саяси жүйесінде жаңа кезең басталғанын да тілге тиек етті.
Конституцияның 30 жылдығына арналған бұл маңызды жиында айтылған сөздер еліміздің болашақта өркениетті, әділетті мемлекет ретінде дамуына бағытталған стратегиялық қадамдардың негізі болып қала береді. Тәуелсіз Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде дамуын қамтамасыз ету үшін осы өзгерістердің маңыздылығы зор.
Айта кетейік, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы 1993 жылы Жоғарғы кеңесте қабылданды. Екі жылдан кейін, 1995 жылы 30 тамызда жаңа Конституцияны қабылдау үшін бүкілхалықтық референдум өтті. Содан бері ширек ғасырда Ата заң 6 рет өзгертілді.
Атап айтқанда:
1998 жыл 19 бап өзгеріске ұшырады;
2007 жыл – 30 түзету енгізілді;
2011 жыл – 1 бап өзгерді;
2017 жыл – 19 бапқа 26 өзгерту енгізілді;
2019 жыл – 1 бап өзгерді;
2022 жылы – 33 бабына 56 өзгеріс енгізілді.












