Түркиялық инвесторлар Шымкенттің ауыл шаруашылық мүмкіндіктерімен танысты - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Түркиялық инвесторлар Шымкенттің ауыл шаруашылық мүмкіндіктерімен танысты

49

Түркиялық инвесторлар Шымкентке іс сапармен келді.

Түркияның Görkem Agricultural Products Food Plastic Packaging LTD. Sti. компаниясының өкілдері Шымкентке арнайы сапармен атбасын тіреді. Қонақтар жауапты сала өкілдерімен кездесіп, өз жобаларын таныстырды.
Мақсат – қаланың ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктерімен танысу және бірлескен жобаларды талқылау.

Аталған компания анар, шие, өрік және апельсин, мандарин, лимон сияқты цитрус дақылдарын өсіру, қаптау және сақтау ісінде тәжірибесі мол.

Сапар барысында инвесторлар бау-бақша отырғызу, жылыжай кешендері мен көкөніс сақтау қоймасын салу, сондай-ақ көшет өндіру жобаларын қарастырды.

Мұндай жоба қалада ауыл шаруашылығын әртараптандыруға, жаңа технологияларды енгізуге, қосымша жұмыс орындарын ашуға және жергілікті экономиканы дамытуға елеулі үлес қосады деп күтілуде.

Тілге тиек етейік, GörkemAgricultural Products Food PlasticPackaging Ltd. Sti. компаниясы 2001 жылы құрылған және әлемдік ауыл шаруашылығы орталықтарының бірі болып табылатын Түркияның Анталья қаласында орналасқан. Негізгі қызметі заманауи технологияларды және жоғары сапа деңгейін қолдана отырып, ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен және буып-түюмен байланысты. Компанияның өндірістік қуаттылығы 18 500 м2 аумақты алып жатыр, оның 12 000 м2-жалпы сыйымдылығы 10 000 тоннаға дейін өнімді орау цехы мен тоңазытқыш қоймаларын қамтитын жабық аумақ. Компания өз жұмысында сапа мен адами құндылықтарға баса назар аударады, бұл оның сенімді дамуына және аграрлық салада көшбасшы позициясын иеленуіне мүмкіндік береді. Компанияның негізгі өнімдері — анар, шие, өрік және цитрустың әртүрлі түрлері. Негізгі өнім анар болып табылады, оның ең төменгі жылдық сату және сақтау қуаты 8500 тоннаны құрайды.

Advertisements