Бұл Жанна Елтанованың жүрек қалауы - 17news.kz ақпараттық-сараптамалық сайты

Бұл Жанна Елтанованың жүрек қалауы

30

Құрметті оқырман! Кезекті мақаламыздың тақырыбын бұлай қоюымызда үлкен мән бар. Кейіпкеріміз бұл іске жүрек қалауымен келіп, бүгінде өзі секілді шығармашылықты шексіз сүйетін адамдардың арманын орындап жүрген жан. Нақтырақ айтар болсақ, Шымкентте еліміздің дамуына серпін беріп, талай талантқа жол ашып жүрген креативті индустрия ассоциациясында осы бір жанашыр адамның қолтаңбасы жатыр.

Жанна Елтанованы өздеріңізге ассоциацияның төрайымы ғана емес, осы бағыттағы алғашқы бастамалардың көшбасшысы деп таныстырсақ та артық етпес.

Кейіпкеріміздің айтуынша, креативті индустрия сән немесе өнерге ғана арналмаған. Ол барлық идеяға жан бітірудің, болмысты әсемдеудің, қоғамды шабытпен байытудың бірден-бір жолы. Жаннаның әу бастағы киім үлгілерін ұсынатын «Сән үйі» бүгінде бүгінде үлкен қауымдастықтың алтын тұғырына айналып отыр.
“Ассоциация алғаш құрылғанда, біздің басты мақсатымыз жергілікті дизайнерлер мен шығармашылықпен айналысатын жандарды бір шаңырақ астына біріктіру болды. Бір-бірінен алшақ жүрген шеберлер, тігіншілер, суретшілер, сәнгерлер бір орталықта бас қосып, ортақ алаңда өз туындыларын көрсету мүмкіндігіне ие болды”, – дейді Жанна Елтанова.
Бұл өнер иелері үшін бұрын болмаған мүмкіндік еді. Жанна мен оның командасы арнайы шоурум ашып, сол жерде жергілікті дизайнерлердің еңбектерін көпшілікке тегін көрсетуге жағдай жасады. Содан құрақ көрпе тігетін апалардан бастап, қолөнершілерге дейін хабарласып, «біз де қатыссақ» деп өздері ұсыныс жасай бастады. Осылайша, бұл ассоциация шығармашылықтың алтын мекеніне айналды.
Бір жылдан кейін бұл бастама жаңа деңгейге көтеріліп, ресми түрде «Креативті индустрия ассоциациясы» атауын алды. «Неге креативті?» деген сұрақтарға Жанна: «Өйткені бұл жерде нағыз шығармашылық жүреді» деп жауап берді. Уақыт өте келе дизайнерлердің қатарына ІТ мамандары, фотографтар, актерлер, музыканттар, суретшілер және өзге де шығармашылық мамандық иелері қосылып, бүгінгі таңда бұл қауымдастық 43 түрлі саланы қамтитын үлкен шығармашылық ортаға айналды.
Қазіргі таңда ассоциация құрамына 150-ге жуық мүше енген. Олардың басым көпшілігі жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеп отырған кәсіби мамандар. Бұл мұндағы маңызды талаптардың бірі болып табылады деседі. Себебі, креативті хабтан орын алу үшін яғни мемлекеттің немесе әкімдіктің қолдауын пайдалану үшін кәсіпкердің ресми тіркелгені, заңды жұмыс жүргізіп жатқаны басты шарт. Осы арқылы шығармашылық саласы экономикамен де тығыз байланыс орнатып, нақты көрсеткіштер арқылы қоғам дамуына үлес қосып отыр.
Өткен жылы әкімдіктің қолдауымен ассоциация креативті хабтан арнайы кеңістік алып, өз мүмкіндігін одан әрі кеңейтті. Қазір мұнда шеберлік сабақтары, шеберлердің кездесулері, көрмелер мен тренингтер жиі ұйымдастырылып тұрады. Айталық, жақында ерекше балалар келіп, өз армандарын сурет арқылы қағазға түсірді. Сол суреттер арнайы футболкаларға басылып, балалардың авторлық туындысы ретінде жаңа өмірге жол тартпақ. Қалай дерсіз? Иә, енді олар да өз туындылары бар футболкаларымен подиумға шығып, өнерлерін көпшілікке көрсетпек. Бұл әсерлі іс-шара 12 қыркүйекке жоспарланып отыр.
Міне, креативті индустрия экономиканы ілгерілетуді ғана емес, жүректерге жылу сыйлауды, адамға өз дарынын ашуды да мақсат етеді. Бұл Жанна сынды жандардың еңбегімен іске асып жатқан игілік. Мұндағы басты мақсат – пайда табуды емес, шабыт сыйлау. Оны біздің кейіпкеріміз, жанашыр жан Жанна іске асыруда.

Advertisements